30 шілдеде төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апатқа байланысты әкімшілік іс қозғалды деп хабарлады. Оның айтуынша, апат туралы хабар төтенше жағдайлар қызметіне екі сағаттан соң түскен.
– Оқиға таңғы сағат 4-те болған. Бірақ бұл хабар бізге 6-да түсті. Бұл азаматтық қорғау саласындағы заңнамаларға қайшы. ТЖМ құтқарушылары ол жерге санаулы уақытта жетті, бірақ мекеме қызметкерлері оларды ішке кіргізбеуге тырысқан. Осыған байланысты әкімшілік іс қозғалды, – деді Сыздықов.
Оның сөзінше, мекемеге 200 айлық есептік көрсеткіш (738 400 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
– Мұндай нысандарда өз құтқарушылары болады. Заңға сәйкес, бізге хабар түскеннен кейін олар ТЖМ құтқарушыларын ішке кіргізуі керек, – деді Сыздықов.
Кемінде төрт адамның қазасына әкелген апат 20 шілдеде болған. YDD Corporation ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысын жалын шарпып, ауруханаға түскен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің денесі 10-100 пайыз аралығында күйген деп хабарлады.
Бұған дейін полиция қылмыстық істің бабының тармағын өзгертіп, "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабының 3-бөлігіне ауыстырған (оған дейін осы баптың 2-бөлігі бойынша тергеген). Іс бойынша күдікті ұсталғаны хабарланбады. Кәсіпорында арнайы комиссия жұмыс істеп жатқаны айтылған.
YDD Corporation — ыстыққа төзімді болат өндіруде қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций өндіретін зауыт. Компания мәліметінше, онда шамамен 900 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында төрт балқыту пеші бар. Компания бірнеше жыл бұрын құрылған. Зауыт құрылтайшылары арасында Ерлан Нығматулин (бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің бауыры), Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз ("Қазақстан коммуналдық жүйелері", Ordabasy Group және өзге кәсіпорынның иесі, кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы) бар.
ПІКІРЛЕР