Accessibility links

Тегеранда Израиль соққысынан ХАМАС жетекшілерінің бірі Исмаил Хания қаза болды


Исмаил Хания
Исмаил Хания

АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған палестиналық ХАМАС радикал тобы Тегеранда Израиль соққысынан ұйым жетекшілерінің бірі Исмаил Хания қаза болғанын хабарлады. Ханияның қаза болғанын ирандық Ислам революциясы сақшылар корпусы да растады.

Соққы қалай жасалғанын аталған топ хабарлаған жоқ. Кейбір араб ақпарат құралдарының мәліметінше, Хания ракета түскен кезде мерт болған.

Тегеранда Исмаил Хания Иран президенті Масуд Пезешкианның инаугурация рәсіміне қатысқан.

Ислам революциясы сақшылар корпусы шабуыл тергеліп жатқанын хабарлады. "Әл-Хадас" телеарнасы дереккөздерінің хабарлауынша, ракета Исмаил Ханияның Тегерандағы резиденциясына түскен, ол Тегеран уақытымен түнгі сағат екіде "төсекте жатқан жерінде" опат болған.

ХАМАС тобы мұны "сатқындық" деп атады. Иран мемлекеттік телеарнасының сарапшылары Израиль шабуылын айыптады деп жазды The Times of Israel.

Израиль билігі Ханияның қазасына байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Израиль Газа секторын бақылап отырған ХАМАС-пен соғысып жатыр. Жағдай былтыр 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуылдағаннан кейін ушыққан. Израиль билігі ХАМАС-тың "толық көзін жоймай тынбайтынын" айтады.

ХАМАС өкілдері Ханияның өлімі аймақта жағдайдың ушыққанын көрсетеді және оған "кінәлілер жазасыз қалмайды" деп ескертті. Палестиналық ұйымдар Ханияның өліміне байланысты жақтастарын наразылыққа шығуға шақырды.

XS
SM
MD
LG