Accessibility links

Түркістанда сот "күйеуін қылқындырып өлтірген" әйелдің ісін қарай бастады


"Күйеуін қылқындырып өлтірді" деп айыпталған 49 жастағы Лобар Хажиева. Түркістан облысы, 1 тамыз 2024 жыл.
"Күйеуін қылқындырып өлтірді" деп айыпталған 49 жастағы Лобар Хажиева. Түркістан облысы, 1 тамыз 2024 жыл.

1 тамызда Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында 30 жыл отасқан "күйеуін өлтірді" деп айыпталған 49 жастағы Лобар Хажиеваның ісін қарай бастады. Хажиева “Адам өлтіру” бабымен тағылған айыпты ішінара мойындап, марқұм күйеуінің ағасынан кешірім сұрады. Жәбірленуші кешірім бермейтінін мәлімдеді.

Прокурордың сөзінше, оқиға 12 сәуір күні кешке марқұмның үйінде болған. Іс материалдарына қарағанда, ішімдік ішіп келген күйеуі әйелінен арақ сатып алу үшін ақша тауып беруді талап еткен. Әйелі берген ақшаға арақ ішіп келген күйеуі ізінше әйелінің бетіне түкірген. Прокурордың сөзінше, күйеуінің бұл қорлығына шыдамаған Хажиева оны киімінің белбеуімен үйінің ауласында қылқындырып өлтірген. Сөйтіп айыпталушы “ішімдік ішіп, отбасының мазасын алып, жүйкесіне тиген” күйеуін "қасақана өлтіріп, аса ауыр қылмыс жасаған".

Айыпталушы мен марқұмның кәмелет жасына толған ортақ төрт баласы бар.
17 сәуір күні Азаттыққа төрт баланың тұңғышы “Әкем ішімдік ішетін. Анамды ұрып-соғатын. Талай рет үйден қашып, далада түнедік. Анамның кінәсі жоқ” деген.

Қарамұрт ауылының учаскелік полицейі марқұмның ішімдік ішкенін, отбасында жанжал шығарып, тұрмыстық зорлық-зомбылық бабы бойынша айыпталып, 2019 жылы "полиция қамқорлығына алынғанын" айтқан. Дегенмен 2023 жылдан бері әйелі күйеуінің үстінен қандай да бір шағым түсірмеген.

2023 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданында "зорлық-зомбылық көрдім" деген әйел 14 жыл бірге тұрған күйеуін пышақтап өлтіріп, бөлшектеп өзенге ағызып жіберген. Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны 15 жыл бас бостандығынан айырған. Сотталушы мен марқұмның ортақ үш баласы бар. Кәмелет жасқа толмаған балаларды мемлекет уақытша қамқорлыққа алған. Балаларды кімнің қамқорлығына берілетінін сот шешеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG