Accessibility links

Қостанай облысында сібір жарасы шыққан ауылда карантин жарияланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қостанай облысындағы Приречное ауылында ірі қарадан сібір жарасы табылып, карантин жарияланды. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат құралдарына сілтей отырып ҚазТАГ агенттігі хабарлады. Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Төлеген Иманбаев бұл ақпаратты Азаттыққа растады. Оның айтуынша, сібір жарасы ауылдағы шаруа қожалықтарының бірінде анықталған.

"2 тамызда карантин жарияланды, ауылға кіруге шектеу қойылды. Қожалықта "Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ" карантин бойынша жұмыс істеп жатыр. Сібір жарасы 13 бас малдан анықталды. Адамдарға жұқпады, оларға қауіп төніп тұрған жоқ, кейінгі күндері өлген мал жоқ" деді ол Азаттыққа.

Иманбаевтың айтуынша, ауылда мал өлімі болмаса, карантин 15 күнге созылады. Приречное ауылы Қостанай облысындағы Денисов ауданында орналасқан.

Биыл су тасқыны салдарынан Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында сібір жарасынан өлген мал көмілген 12 орын мен БҚО-дағы сегіз мал қорымын су басқан. Су кеткеннен кейін мамандар ол орындарды тексеріп, дезинфекция жасаған.

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Ақмола, Жамбыл, Түркістан және Қарағанды облыстарында сібір жарасы анықталып, оны жұқтырған науқастардың бірі көз жұмған.

Сібір жарасы - адамға ауру малды сойған кезде, оның терісі мен етін өңдегенде жұғатын, Bacillus anthracis бактериясы тудыратын аса жұқпалы ауру. Сібір жарасын жұқтырған адамды емдеп, жазуға болады, алайда асқынған түрі ажалға себеп болуы мүмкін. Бұл аурудың алдын алу үшін малға екпе егіліп, мал еті мен сүті ветеринарлық бақылауда болуға тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG