Жамбыл облысында Париж олимпиадасында чемпион атанған Қазақстан дзюдошысы Елдос Сметовтің Тараздағы үйінің көшесіне асфальт төселген. Бұл ақпаратты Азаттыққа облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахметов растады. Ахметов асфальтты "атын атағысы келмеген демеушілер" төсеп бергенін, ал көшеге асфальт төсеу биыл жоспарда болғанын айтады.
– Алдында әлеуметтік желіде "чемпион тұратын көшеде жол жоқ" деп жазып жатты, кейін демеушілер "өзіміз істеп берейік" деді. Ол жолды жөндеу биыл жоспарда болған, жобалық-сметалық құжаттары дайындалған, қаржы бөлінгеніне қарай жүзеге асатын еді, бірақ ертерек аяқтап берді. Демеушілер есімін айтпауды өтінді. Басқа өзгерістер болған жоқ, – деді Жанғазы Ахметов Азаттыққа.
Оның сөзінше, Жамбыл облысының әкімдігі бүгін, 5 тамызда Елдос Сметовті туған жерінде күтіп алу шарасын ұйымдастырады.
Сметов чемпион болған соң оның үйінің маңына асфальт төселгені желіде қызу талқыланып жатыр. Желіде "көшең тегіс болсын десең, ұлыңды спортқа бер"; "менің ұлдарым да өсіп, чемпион болып, ауылымызға балалар саябағын салып беретін күн туса екен"; "атағың шықса ғана асфальт төсейді, бұл – жаңа Қазақстан"; "ұят, масқара!"; "құрметке лайық!" деген пікір жазған қолданушылар бар.
5 тамыз күні таңертең Қазақстанға Париж олимпиадасына барған елдің дзюдо құрамасы оралды. Алматы әуежайында оларды жүздеген адам күтіп алды.
Бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сметовтің үйіне барып, оның ата-анасын құттықтап, оларға "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" белгісін, жұбайына Құрмет грамотасын табыстаған.
Париж олимпиадасында Қазақстан әзірге бір алтын, бір күміс және екі қола медаль еншіледі. Дзюдошы Елдос Сметов (60 кг) олимпиадаға үшінші рет қатысып, үшінші мүмкіндігінен алтын медаль иеленді.
ПІКІРЛЕР