Accessibility links

Израиль мен "Хезболла" шекарада бір-біріне атқылады


Израиль мен Ливан шекарасындағы аудандардың бірі.
Израиль мен Ливан шекарасындағы аудандардың бірі.

Ливан денсаулық сақтау министрлігі 6 тамызда Израиль елдің оңтүстігіне әуеден соққы берді, бес адам қаза тапты деп хабарлады.

Ливанның қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздеріне сүйенген Батыс басылымдары опат болған төрт адам – Ливандағы "Хезболла" тобының мүшесі деп жазды. Ақпаратқа қарағанда, соққы Израиль шекарасынан шамамен 30 шақырым жердегі Майфадун елді мекеніндегі нысанға тиген.

Израиль өзінің әскери авиациясы Ливанның оңтүстігінде "Хезболла" қарулы тобы пайдаланатын инфрақұрылымға соққы берді деп мәлімдеді.

Ал "Хезболла" Израильдің солтүстігіндегі Авивим аймағына дрондармен шабуыл жасадық деп хабарлады. "Хезболла" Израиль армиясы қолданған ғимаратты нысанаға алғанын айтты. Олар Израильдің "Голани" бригадасының штаб-пәтеріне де соққы тиді деп мәлімдеді.

Израиль билігі Нагария қаласының оңтүстігінде соққыдан бірнеше бейбіт тұрғын зардап шекті деп хабарлады. Израиль армиясы елдің солтүстігінде дабыл қосылғаннан кейін "Ливан шекарасынан ұшқан бірнеше дрон табылды" деді.

Шілденің соңынан бері аймақтағы шиеленіс артып барады. 31 шілдеде Бейрутте "Хезболла" командирі Фуад Шукр қаза болған. Сол күні Тегеранда АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған палестиналық ХАМАС радикал тобының лидері Исмаил Хания да қаза болды.

ХАМАС Ханияның қазасы үшін Израильден "кек алатынын" мәлімдеген. Израиль Ханияның өлімін мойнына алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG