9 тамыз кешке әлеуметтік желіде Ресейдің Курск облысында Суджа қаласындағы "Газпром" компаниясының бөлімшесінің маңында түсірілген Украина туын ұстаған сарбаздардың видеосы жарияланды. РБК-Украина және өзге де телеграм-арналарда жарияланған видеода сарбаздар Суджа қаласы Украина қарулы күштерінің бақылауына өткенін айтады.
Суджа қаласындағы "Газпромның" стратегиялық нысанын 61-дала бригадасының 99-батальоны бақылауда ұстап отыр, дейді әскери адам. Видеода алыстан жарылыс дыбысы да естіледі.
Ал қала басшысы Виталий Слащев жұма күні ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Суджа қаласы Украина әскерінің бақылауында емес екенін айтқан. "Эвакуация жүріп жатыр, Суджа біздікі. Бар айтарым осы" деді Слащев.
Кейбір ресейлік пропагандистік телеграм-арналар Суджаның шығыс бөлігі ресейліктердің бақылауында екенін жазған.
Украинаның қарулы күштері Ресейдің Курск облысындағы Суджа ауданына 6 тамызда басып кірген. Украина әскерінің шабуылы тұсында жұма күні аймақта федералдық дәрежеде төтенше жағдай жарияланды. Кей ақпарат құралдарының жазуынша, украин күштері аймақтың шамамен 100 шаршы километр аумақты басып алған. Ресей қорғаныс министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты.
Курск билігі алты адамның қаза болғанын хабарлаған. Украина жағы Курскідегі оқиғаға ресми түрде түсініктеме бермеді.
ПІКІРЛЕР