Қазақстан мен Өзбекстан екі ел азаматтарының шекарадан ID-карта арқылы өту мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы Өзбекстан президентінің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Абдуләзіз Камилов хабарлады.
"Қазір Өзбекстан мен Орталық Азия елдері арасындағы шекараны достық пен татулық көпірі деп атауға болады. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап өзбек-қырғыз шекарасынан азаматтардың ID-картасымен өтуге болатынын соған дәлел ретінде келтіруге болады. Дәл осындай жобаны Қазақстанмен де талқылап жатырмыз" дейді Камилов. Шенеуніктің сұхбаты ӨзА ақпарат агенттігінде жарияланды.
Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасында визасыз жүйе жұмыс істейді. Алайда екі елдің азаматтары шекарадан шетелге шығу паспортымен ғана өте алады.
9 тамызда Орталық Азия елдері басшыларының Астанадағы кездесуінде Шавкат Мирзияев аймақта ұлттық ID-карталарды тануды, "Бір тур - бүкіл аймақ" қағидасына көшуді ұсынған.
Өзбек жағының мәліметінше, Ташкент Қазақстанмен шекараны заң тұрғысында рәсімдеуді, ал Түркіменстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен шекараны делимитациялауды толық аяқтаған.
ПІКІРЛЕР