Ресей Украинадағы басып алған аумақтардан, әрқайсысы кемі бір мың адамнан тұратын бірнеше бригаданы қазіргі кезде Украина қарулы күштері шабуыл жасап жатқан Ресейдің Курск облысына апарған. Әйткенмен айтарлықтай елеулі күштерін Украинадағы майданнан әкетпей, әлі сонда қалдырып отыр. CNN телеарнасы Батыстың барлау қызметіне жақын дерек көздеріне сүйеніп, осылай деп хабарлады.
"Украина жеріндегі майданда Ресейдің жүздеген мың сарбазы бар деп саналады, сондықтан ресми тұлғалар айтпақшы, бірнеше мыңын апарудың, қысқа мерзімде бәлендей салдары болмауы мүмкін", – деген CNN сөйлескен адамдар.
"Әзірге айтарлықтай көп апарып жатқанын көрген жоқпыз, неліктен екенін де айта алмаймыз: әскерді енді ғана жылжыта бастады ма, жоқ әлде жылжытатын ешкімі жоқ па", – аты-жөні аталмаған дерек көзі телеарнаға осылай деген.
Сөйлескендердің бірі Ресей Курск облысында негізінен мерзімді әскери қызметкерлер есебінен қорғаныс шебін нығайтқысы келетін сияқты деген пікір айтқан.
АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігінің айтуынша, барлау деректеріне сәйкес, Ресей Украинадағы бөлімдерінен өзге, Курск облысына Ленинград әскери округі мен Калининградтан да жеке құрамдарды апарған.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі стратегиялық коммуникация үйлестірушісі Джон Кирби CNN телеарнасына Ресей әскері "Курск облысына кейбір ресурстарын, кейбір бөлімшелерін украиндарға қарсы тұру үшін апарып жатқан болуы мүмкін" деп мәлімдеді.
Бірақ ол жаққа Украина аумағынан әскер апару, Кирбидің сөзінше, "Путин Донбасс пен Запорожьедегі әскери операциялардан бас тартты дегенді білдірмейді".
Телеарна сұхбаттасқан адамдардың бірі Украина қарулы күштерінің Курск облысындағы операциясы "әскери тұрғыдан қайран қалдырады", бірақ Украина ол жаққа тәжірибелі жауынгерлерін жіберді, ондай күштен айырылуға болмайды деді.
CNN сөйлескен адамдар Батыс саясаткерлері мен шенеуніктерінің көбі Украина Курск облысында жаулап алған жерлерді ұзақ ұстап тұра алмайды деген пікірде екенін айтты. Сондықтан олар бұл операция соғыстың жалпы барысына қалай әсер ететінін айтуға әлі ерте деп есептейді.
Бұған қоса CNN сөйлескен бірнеше дерек көз АҚШ Украинаға америкалық алысқа ататын қаруды қолдануға рұқсат бермеуінің себебі жағдай шиеленіседі деген қауіптен емес, Украинаға ATACMS ракетасын соншалық көп бере алмайтындығына байланысты дейді. Америкалық әскери мамандардың пікірінше, ондай ракетаны үнемдеп, Ресей аннексиялап алған Қырымдағы нысаналармен шектелген қисынды болмақ.
- Украина армиясы Ресейдің Курск облысына 6 тамызда кірді. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Украина күштері ондаған елді мекенге (арасында аудан орталықтары мен Суджа қаласы бар) бақылау орнатқанын мәлімдеді. Ресей билігі ондай ақпаратты не теріске шығарады, не ешқандай түсініктеме бермейді. Дегенмен Курск облысында федералдық деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Қазірге дейін аймақтан 120 мыңнан астам адам эвакуацияланған деген ақпарат бар.
- Telegram-каналдарда көптеп жарияланып жатқан видеоларға қарағанда, Украина қарулы күштері жүздеген ресейлік сарбазды қолға түсіргенге ұқсайды, арасында мерзімді әскери қызмет атқарып жүргендер де бар, ондаған адам қаза тапқан. Украин әскері де шығынға ұшырап жатқаны даусыз. Соғыс басталғалы бері екі тарап та өздеріндегі шығын жайлы ресми дерек бермеуге тырысады.
ПІКІРЛЕР