Accessibility links

Қазақстан бокс құрамасына жаңа бапкер тағайындалды. Боксшыларды Қайрат Сәтжанов жаттықтырады


Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып 54 жастағы маман Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы (ҚБФ) хабарлады.

Ол 2021-2022 жылдары Қазақстан құрамасының бас бапкері болған еді. 2024 жылдан бастап Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырған.

Париж олимпиадасында Қазақстан ерлер құрамасы жеті боксшымен қатысып, бір күміс медаль алған. Бұл нәтижені төмен деп санаған ҚБФ бас бапкер Мырзағали Айтжанов пен құрамадағы жаттықтырушыларды отставкаға жіберген еді.

ҚФБ Сәтжановтың құрамаға бапкер болып тағайындалғаны жайлы хабарламасында "бас жаттықтырушының жеке шәкірті болмайды деген талап енгізілді" деп мәлімдеді.

Бұрынғы бас бапкер Мырзағали Айтжановтың жеке шәкірттері ұлттық құрамада болған. Мәселен Айтжанов жаттықтыратын Сәкен Бибосынов Париж олимпиадасына қатысқан еді.

Сәтжанов бастаған Қазақстан құрамасы 2021 жылы Сербиядағы әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс, бір қоламен жалпы есепте екінші орын алған. Бұдан бөлек, 2022 жылғы Азия чемпионатында Қазақстан боксшылары үш алтын, алты күміс, үш қола иеленген еді. 2023 жылы Сәтжанов "денсаулығына байланысты" бас бапкерліктен кетіп, орнына Мырзағали Айтжанов тағайындалған.

Федерация Сәтжановқа көмектесетін жаттықтырушылар құрамы жақын уақытта бекітілетінін, оның ішінде шетелдік жаттықтырушы маман да болатынын да айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG