Ресейдің Дондағы Ростов қаласындағы оңтүстік округтік әскери соты тыңшылық жасаған және террорлық қауымдастыққа қатысқан деп айыпталған 37 жастағы Украина азаматы Александр Корольді жеті жыл мерзімге бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұл ақпаратты "Мемориал" қоғамы таратты.
Ресей тергеу орындары Король 2014 жылы Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) құрған "террор ұйымға" кіріп, 2017 жылы "Александровка" бақылау-өткізу бекеті маңындағы Ресей әскерінің орналасуы, блокпосттар мен өзге де әскери нысандар жөнінде жиған-терген деректерді СБУ-ге берген дейді. Макеевка елдімекенінде тұрған, құрылыс бизнесімен айналысқан Александр Корольді Ресей билігі 2017 жылы ұстаған, содан бері ол тергеу абақтысында қамауда отыр деді құқық қорғаушылар.
Оның үстінен қозғалған іс бойынша тергеу материалдары сотқа 2023 жылы қарашада түскен. Король өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
16 тамызда Ресей соты тыңшылық айыбы тағылған тағы бір Украина азаматына үкім шығарғаны белгілі болған. Ресей жағы Херсон қаласынан ұрлап әкеткен украин Ирина Горобцова 10 жыл 6 айға бостандығынан айырылды. Оның қамауда отырғанына екі жылдан асты.
ПІКІРЛЕР