Accessibility links

Ресейде мигранттарға отбасын алып келуге тыйым салуды ұсынды


Мемлекеттік думадағы ЛДПР фракциясының депутаттарынан жасақталған топ мигранттарға Ресейге отбасы мүшелерін алып келуге тыйым салатын заң жобасын ұсынды.

"Заң жобасында Ресейге еңбек келісімі негізінде жұмыс істеуге келетін шетел азаматтарына отбасымен келуге тыйым салу қарастырылған” деп жазылған заң жобасы түсіндірмесінде.

Құжат авторларының айтуынша, мәселе Ресейде еңбек келісімі немесе патент негізінде жұмыс істейтін біліктілігі төмен мамандар жөнінде болып отыр.

"Мигранттардың отбасы оларды үйінде күтуі керек. Шетел жұмысшыларының Ресейге келген туыстары топтасып жүріп, өз тілінде сөйлеп, жергілікті тұрғындарға жақтырмай қарайды. Коммуналдық қызметтерді төлемей, өте ірі сомада қарызды қалдырып кетіп жатқан жағдайлар көп. Келіп істеп, қайта үйіне қайтуы керек. Басқаша болуы мүмкін емес", - дейді ЛДПР партиясының лидері Леонид Слуцкий "РИА Новости" агенттігіне.

Ресейде Крокустегі терактіден кейін мигранттарға қарсы көңіл-күй күшейді. Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын осыған дейін Ресейге бармауға шақырған. Терактіден кейін Ресейге жұмыс істеуге барған мигранттарды полиция ұстап, көп адамды барлық құжаттары түгел болғанына қарамастан, елге кіргізбей, депортациялады.

Терактіге дейін де Ресейдегі мигранттар дискриминацияға жиі ұшырайтын.

Осынша қиындыққа қарамастан, Орталық Азия азаматтарының Ресейде жұмыс істеуден басқа амалы жоқ.

Тәжікстан мен Қырғызстан Орталық Азиядағы кедей мемлекеттердің бірі. Елдің жалпы ішкі өнімінің жартысы Ресейде жұмыс істейтін азаматтардың елге жіберетін ақша аударымдарынан тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG