Ресейдің Брянск облысының губернаторы Александр Богомаз 21 тамызда Климов ауданында "украиналық диверсия-барлау тобы Ресей аумағына кіруге талпынғанын" хабарлады.
"Шайқас кезінде Ресей ФСБ-ның шекара күштері және Ресей қарулы күштерінің бөлімдері оларға Брянск облысына кіруіне жол бермеді. Қарсылас жаққа оқ жаудырылды. Қазіргі кезде қақтығыс орнында жағдай тұрақталды және аймақтық жедел штабының бақылауында" деді ол.
Брянск облысындағы шайқас жөнінде алғашқылардың бірі болып Z-арналар жазған. "Два майора" телеграм-арнасының жазуынша, шекарада шағын диверсанттар тобы әрекет етіп жатыр.
6 тамызда украин әскері Ресейдің Курск облысына кірген. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Украина жағы 19 тамызда Украина әскері 90-нан астам елді мекенді бақылауға алғанын хабарлады.
Украина президенті Владимир Зеленский украин күштерінің мақсаты – Ресей аумағында "буферлік аймақ" құру деп мәлімдеді. ТАСС агенттігі 21 тамызда Украина күштерінің шабуылы нәтижесінде 31 адам қаза болғанын, 140-тан астам зардап шеккенін жазды.
ПІКІРЛЕР