Украина президенті Владимир Зеленский орыс православ шіркеуінің қызметіне және Ресеймен байланысты кез келген діни ұйымның жұмысына тыйым салатын заңға қол қойды.
Осы аптада жобаны Жоғарғы рада мақұлдаған.
Заң бірінші кезекте Украина православ шіркеуінің қызметіне қатысты.
Заң жарияланғаннан кейін 30 күннен соң күшіне енеді. Бірақ Украина православ шіркеуіне "орыс православ шіркеуімен байланысты үзу үшін" 9 ай уақыт берілді.
Жаңа заң Украина соттарының орыс православ шіркеуінің құрамына кіретін шіркеулердің қызметіне тыйым салуды қарастырады.
Украина православ шіркеуі заңды тұлға емес, жекелеген епархия мен приходтардан құралған. Олардың жалпы саны 9 мыңға жуықтайды. Олардың әрқайсысы бойынша сотқа жеке шағым болуы керек.
Сот істері кемінде тағы бірнеше айға созылғандықтан Украинадағы шіркеуге қарасты қандай да бір құрылымға нақты тыйым президент заңға қол қойғаннан кейін бір жылдан кейін ғана жүзеге асуы мүмкін.
Украина православ шіркеуі заң Конституцияға қайшы деп санайды.
Ресей сыртқы істер министрлігі Украина "шынайы православиені" жойып жатыр деп мәлімдеді. Орыс православ шіркеуі заң адамның негізгі құқықтары мен ар-ұждан еркіндігін бұзады деді.
- Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Украина православ шіркеуі орыс православ шіркеуінен тәуелсіз екенін мәлімдеген.
- Украина билігі шіркеу Мәскеумен байланысын үзбеді деп санайды. Бірқатар дінбасыларға қарсы "Ресейді қолдады" деген айыппен шамамен 70 қылмыстық іс қозғалған. Украина православ шіркеуі кейбір дінбасыларға тағылған айып негізсіз екенін мәлімдеген.