Украина Ресейдің Курск облысында басып алған жерлерді бақылауында қалдыруға ниетті. Америка орталық барлау басқармасы (ЦРУ) басшысының орынбасары Дэвид Коэн барлау және ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі конференцияда осылай мәлімдеді деп жазды Reuters агенттігі.
Киев Ресейдің шекарадағы аймақтарын аннексиялау жоспары жоғын айтты, Украина қарулы күштері ол жерде қорғаныс шебін орнатып жатыр деді Коэн. Оның сөзінше, бұл Украина әскері басып алған аймақтарды біраз уақыт бақылауда ұстауға ниетті екенін көрсетеді.
Америка барлау қызметінің мәліметінше, Украина әскері қазір Курск облысында шамамен 800 шаршы шақырым жерді бақылауда ұстап отыр. Жақында Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы 1300 шаршы шақырым жер Украина әскері бақылауында деп мәлімдеген.
Коэн Ресей президенті Владимир Путин Курск облысында міндетті түрде қарымта шабуылға шығып, басып алынған жерлерді қайтаруға тырысады деді. Әйтпесе Кремльге оның қоғамдағы жағымсыз салдарымен күресуге тура келеді деп есептейді ЦРУ басшысының орынбасары.
Америкалық ақпарат құралдары Мәскеудің Курск облысына бақылауын қайтаруға 50 мыңға жуық сарбаз керек болады деп жазды. Ресейде қазір мұнша әскер жоқ деді барлау мәліметтерімен таныс дереккөздер.
Ресей қорғаныс министрлігі Донбасстағы Покровск бағытынан әскерін шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Bloomberg агенттігі Ресей Курск облысына мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарын жіберуі мүмкін деп жазды.
6 тамызда Украина әскері Ресейдің Курск облысы аумағына кірген. Содан бері аймақта ұрыс жалғасып жатыр. Украина қарулы күштері ондаған елді мекенді, соның ішінде Суджа қаласына бақылау орнатқанын айтты. Ресей билігі мұндай ақпаратты жоққа шығарады я түсініктеме бермейді.
Курск облысында федералдық деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланған. Ресми мәліметтерге сәйкес, шекара маңындағы аудандардан 130 мыңнан аса адам эвакуацияланған.
ПІКІРЛЕР