Accessibility links

Қырғызстан Жоғарғы соты "Клооп" басылымын жабу туралы шешімді күшінде қалдырды


Қырғызстан Жоғарғы сотының азаматтық және экономикалық істер бойынша алқасы 16 шілдеде "Клооп Медиа" қоғамдық қорын жабу туралы шешімді қуаттады. Осылайша Бішкектің Октябрь аудандық сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде қор өкілдері хабарлады.

"Клооп Медиа" өкілдерінің айтуынша, сот отырысына тараптар қатыспаған, шешім сол күні күшіне енген. Жоғарғы соттың шешіміне пікірін айтқан "Клооп" сайтының негізін қалаушы Ринат Тухватшин "осындай шешім шығатынын білген едік" деді. Оның сөзінше, редакция жұмысын жалғастыра бермек.

"Клооп" жұмысын жалғастыра береді. Сот кезінде әлеуметтік желідегі қолданушыларымыздың саны артты. Ең терең зерттеулеріміз бен ең объективті жаңалықтарымызды, ең өткір айдарларымызды шығара береміз" деді Ринат Тухватшин.

Басылым өкілдерінің сөзінше, бұған дейін қор заңгерлері Октябрь аудандық сотының шешіміне шағым түсіруге тырысқан. Алайда қалалық сот "шағым түсіру уақыты өтіп кеткен" деп апелляциялық шағымды қараудан бас тартқан.

"Клооп Медианы" жабу туралы шешімге Журналистерді қорғау комитеті реакция білдіріп, Қырғызстан билігін тәуелсіз БАҚ-ты қудалауды доғаруға шақырды.

"Халықаралық дәрежеде мойындалған "Клооп" зерттеу басылымын күштеп жабу – Орталық Азияда ұзақ уақыт сөз бостандығының тірегі саналған Қырғызстанның қазіргі заман тарихындағы масқара эпизод" деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламасының үйлестірушісі Гүлноза Саид.

Ол сонымен бірге Қырғызстан билігін БАҚ-қарсы қысымды дереу тоқтатып, "Клооп Медиа" мен өзге де тәуелсіз БАҚ-қа еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға үндеді.

Бішкектің Октябрь аудандық соты "Клооп Медиа" қоғамдық қорын жабу туралы шешімді биыл ақпанда қабылдаған. Бұған Бішкек прокуроры Эмилбек Әбдіманаповтың былтыр тамызда шығарған қорды жою туралы шешімі түрткі болған. Прокурордың сөзінше, басылымдағы мақалалардың басым бөлігі "мемлекеттік және муниципалды орган өкілдерінің беделіне нұқсан келтіруге бағытталған".

Оның алдында Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті сайт материалдарын тексеріп, "мақалалар қазіргі биліктің саясатын қатаң сынауға бағытталған", "басым бөлігінің мемлекеттік орган өкілдерінің беделін түсіретін теріс сипаты бар" деген қорытынды жасаған.

XS
SM
MD
LG