31 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Ертіс шахтасында төрт адамның денесі табылды: екеуі - мыс-мырыш өндіретін шахта жұмысшылары, екеуі - мердігер компанияның қызметкерлері. Кеншілердің қаза болғанын құрамына Ертіс шахтасын бақылайтын "Шығыстүстімет" кәсіпорны кіретін KAZ Minerals тобы хабарлады.
Әзірге толық емес мәлімет бойынша жұмысшылар газдан уланған.
"Оқиғаның себебі мен жай-жапсары анықталып жатыр, қайғылы оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды. Қайғылы оқиғаны тергеуге қатысу үшін KAZ Minerals тобының директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Ертіс шахтасына барды" деп жазылған KAZ Minerals тобының хабарламасында.
Олег Новачук Nova Resources B.V. компаниясы арқылы KAZ Minerals Ltd акциясының 36,6 пайызына иелік етеді.
64 жастағы миллиардер Владимир Ким - KAZ Minerals-дің президенті және атқарушы емес директоры. Биыл Forbes журналы оның байлығын 3,6 миллиард доллар деп бағалаған. Ал Bloomberg агенттігі – Кимнің байлығын 7,39 миллиард доллар деп көрсеткен. Кимге KAZ Minerals акциясының 63,5 пайызы тиесілі.
Forbes Kazakhstan мәліметінше, KAZ Minerals тобы ашық әдіспен кен өндіретін Ақтоғай және Бозшакөл кеніштері, сонымен бірге жерасты шахталарын бір өндіріс алаңына біріктіретін "Шығыс аймақта" жұмыс істейді.
Миллиардер Владимир Ким Орталық Қазақстанда металл өндіретін "Қазақмыс" корпорациясы қарайтын Kazakhmys Copper акцияларының 70 пайызына да ие.