Қазақстандық спортшы Давид Дегтярев Париж паралимпиадасының чемпионы болды. Ол пауэрлифтингтен 54 келі салмақта сынға түсіп, 188 келі көтерді. Күміс медальді 185 келі көтерген Куба спортшысы Рамирез Барриентос Пабло иеленіп, қола жүлдені 179 келі көтерген Қытай спортшысы Ян Джинлан алды.
Давид Дегтярев осымен екінші рет паралимпиада ойындарының чемпионы атанды. Ол 2021 жылы Токиодағы паралимпиада ойындарында 174 келі көтеріп, алтын медаль жеңіп алған еді.
4 қыркүйекте қазақстандық тағы бір спортшы Дастан Мұқашбеков Париждегі паралимпиада ойындарында жеңіл атлетика бойынша ядро лақтырудан F36 санатында (денесінде, аяқ-қолы қозғалысында, координациясында кінәрат бар жандар) қола медаль иеленді. Ол ядроны 16 метр қашыққа лақтырған. Бұл – Азиядағы жаңа рекорд.
Қазір Қазақстан құрама командасында Париж паралимпиадасының бір алтын, бір күміс, бір қола медалі бар. Бұған дейін нысана көздеуден Еркін Ғаббасов күміс жүлде алған.
Париждегі паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан 44 спортшы қатысып жатыр. Биыл ел құрамасы паралимпиадаға 9 спорт түрінен – дзюдо, пауэрлифтинг, таэквондо, жеңіл атлетика, нысана көздеу, үстел теннисі, жүзу, каноэ және волейболдан сынға түседі. Спорт комитеті биыл Қазақстанның паралимпиада спортшылары үстел теннисінен және әйелдер арасындағы каноэден бірінші рет лицензия жеңіп алғанын хабарлаған.
Париждегі паралимпиада ойындары 8 қыркүйекте аяқталады.
ПІКІРЛЕР