Accessibility links

Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев экс-президент статусын қайтаруға ниетті


Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев Қазақ ұлттық университетіне дәріс оқуға келген сәт. Алматы, 19 маусым, 2022 жыл.
Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев Қазақ ұлттық университетіне дәріс оқуға келген сәт. Алматы, 19 маусым, 2022 жыл.

Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев елінің экс-президенті деген статусын қайтарғысы келеді. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметіне Жогорку кенеш депутаты, конституциялық заңнама комитетінің басшысы Шолпан Сұлтанбекова растады.

Ол қырғыз парламентіне статусты қайтару бойынша хат келді деп хабарлады. Сұлтанбекованың сөзінше, бұл мәселе бірден шешілмейді.

"Мәселе бірден күн тәртібіне шығарылмайды. Алдымен фракциялар, олардың жетекшілері және депутаттар талқылайды. Содан кейін бұл мәселенің қай кезде күн тәртібіне шығатынын хабарлаймыз" деді ол.

Ақаевтың ниеті туралы жаңалыққа пікір білдірген Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әр азамат өз құқығын қорғау үшін я заңды талаптарын қалпына келтіру үшін билік органдарына жүгінуге толық құқылы деді. "Мұны біреумен келісу немесе менің келісімімді алу міндетті емес. Ол өз құқығын пайдаланып, өтініш берген көрінеді" деді Қырғызстан президенті.

Жапаров Ақаевқа экс-президент статусын қайтару туралы шешімді Қырғызстан парламенті қабылдайды, бұл мәселе бойынша ештеңе айта алмаймын деді.

"Депутаттар өзі шешеді. Біз ешкімге берейік я бермейік деп айта алмаймыз. Бұл мәселенің заңдылығын қарасын. Заңдарды бақылау – парламенттің міндеті" деді Жапаров.

"Құрманбек Бакиев пен Алмазбек Атамбаев экс-президент статусын қайтаруға осындай сұрау салса не болады?" деген сұраққа Жапаров олардың жағдайы "Ақаевтан өзгеше" деді.

"Ақаев қашып кеткенде құрбандар болған жоқ, оның үстінен қылмыстық іс қозғамады және іздеу жарияламады. Әрине, Асқар Ақаевтың кезінде көп кемшілік болды. Мүдделер болды. Бірақ онымен қоса ел тәуелсіздік алған жылдары оң кезеңдер болды. Мұны да айту керек. Ал Атамбаев пен Бакиевтің істерінде адам шығыны болды. Парламент оларға экс-президент статусын қайтарар болса, мұны дұрыс деп санамаймын. Бұл – менің жеке пікірім. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны да бар" деді Жапаров.

1991 жылы Совет одағы ыдырағанда тәуелсіз ел атанған Қырғызстанды содан бері алты президент басқарды. Елдің бірінші президенті Асқар Ақаев 2005 жылғы "Қызғалдақ төңкерісінде" биліктен кетті. Оның үстінен жемқорлық жөнінде іс қозғалып, ол Мәскеуде пана тапқан. 2023 жылы қаңтарда қырғыз Бас прокуратурасы Ақаевтың үстінен қозғалған істердің мерзімі өтіп, жабылды деп мәлімдеді. Ақаев 2021 жылдан бері Бішкекке бірнеше рет барып, жемқорлық жөніндегі тергеудің сұрақтарына жауап берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG