Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мұхаммад Ур-Рехман Рахманиді Ауғанстанның Астанадағы сенімді өкілі деп аккредиттеу шешіміне түсініктеме берді.
Министрлік бұл шешім туралы 21 тамызда ресми сайтында хабарлаған. Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Ауғанстанның дипломатия өкілдігімен кездесуде Астана "екі ел арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында" Рахманиді сенімді өкіл ретінде аккредиттеді деп айтқан.
Ресми хабарламада Рахманиді Ауғанстан дипломатия өкілдігінің басшысы деп көрсеткен.
Сыртқы істер министрлігі Азаттыққа берген жауабында Рахманиді аккредиттеу – Қазақстанның Ауғанстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі саясатының "қисынды жалғасы" деді.
СІМ мұндай шешім қабылдай отырып, "екі ел арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық қатынастарды одан әрі тереңдететін екіжақты тиімді прагматикалық мүдделерден бастадық" деген жауап жазды.
"Ауғанстанның сенімді өкілін аккредиттеу – "Талибан" қозғалысын Ауғанстандағы заңды билік ретінде тану актісі емес" деді министрлік Азаттыққа жауабында.
СІМ "Қазақстан Ауғанстанмен ынтымақтастықты тек сауда-экономикалық және гуманитарлық салаларда ғана жалғастыруға ниетті" дейді.
2023 жылы желтоқсанда Қазақстан "Талибанды" террористік ұйым тізімінен шығарып тастады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің орындауға міндетті қарарларына сәйкес, "Талибан" қозғалысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне кірмейді деген болатын.
Биыл маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан тәліптер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз" деп айтқан.
1996-2001 жылдары билік құрған "Талибан" Ауғанстанның аудан-қалаларын қайта бақылауына ала бастаған соң мұнда 20 жыл болған Батыс әскері 2021 жылы елден кете бастады. Сол жылы 15 тамыз күні олар Кабулға кіріп, бүкіл Ауғанстанды өз қолына алғанын мәлімдеді.
"Талибан" билікке келгеннен кейін Ауғанстанда адам құқықтарын, әсіресе әйелдер бостандығын шектейтін заңдар қайта күшіне енді. "Талибан" қозғалысы әлемнің көп елінде террористік ұйым деп танылған.
ПІКІРЛЕР