Accessibility links

Маңғыстау облысында тамақтан уланған оқушылар саны 289-ға жетті


Kazakhstan – KAZ Map of Mangystau region / Mangystau oblast
Kazakhstan – KAZ Map of Mangystau region / Mangystau oblast

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектептің бастауыш сыныптарында білім алатын 289 оқушы мектеп асханасындағы тамақтан уланған. Оның 222-сі үйде, 67-сі ауруханада емделіп жатыр. Ауруханада жатқандардың ішінде екеуі жан сақтау бөлімінде. Бұл туралы жергілікті Lada.kz сайты хабарлады.

Билік өкілдері 1-4 сынып оқушылары қандай тамақ ішкенін, асханадағы жұмысты қандай мекеме жүргізетінін айтпай отыр дейді онлайн басылым. Шенеуніктер зерттеу нәтижесі үш-бес күн ішінде дайын болатынын айтқан.

Осы жайт жөнінде қылмыстық кодекстің 304-бабы (Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) 1-бөлімі бойынша іс қозғалған. Іс сотқа жетіп, айыпталушы кінәлі деп танылса, оған 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе оны сол мөлшерде түзеу жұмыстарына я болмаса 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартады, ол болмаса екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айырады.

Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Нағимоллақызы: "Мұнайлы ауданының №8 мектебінде болған тамақтан улану мәселесіне қатысты облыста жедел жұмыс тобы құрылды. Мәселе облыс әкімінің бақылауында" деді. Оның сөзінше, тексеру жұмыстары басталған, осы мектептегі ата-аналар чаттарына Нағиолланың өзі, аудандық білім бөлімінің басшысы және екі дәрігер қосылған.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқиға орнына облыстық жедел жәрдем қызметінің 10 негізгі және 2 қосымша бригадасы және өзге де бригадалар жұмсалғанын, жапа шеккендерге психологиялық көмек көрсету үшін облыстық психикалық денсаулық орталығынан мамандар жұмылдырылғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG