Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "есірткі таратты" деп айыпталған белсенді Асанәлі Сүйеубаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім 10 қыркүйекте оқылған. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады. Ол Сүйеубаевтың кінәсі дәлелденбеді деп санайды.
Адвокат белсенді Сүйеубаев "саяси көзқарасына байланысты заңсыз жауапқа тартылып отыр, нағыз есірткі таратқан адам басқа" деді. Досқараевтың айтуынша, Сүйеубаевтың танысы кінәні белсендінің мойнына жапқан.
"Сүйеубаев – азаматтық белсенді, "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі. 2016 жылдан бері билікке деген саяси көзқарасын айтып, қудаланып келеді. 2023 жылы қарашада Сүйеубаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жазып, [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың "ұрлаған қаржысын" қайтаруды, өзін жауапқа тартуды талап еткен. Содан кейін оны қудалау үдейе түсті" деді Досқараев.
Сүйеубаевқа он жыл түрме жазасы кесілгенін басқа белсенділер, соның ішінде "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ өкілдері де растады.
Прокурор Сүйеубаевты 13 жылға бостандығынан айыруды сұраған. Екінші топтағы мүгедектігі бар Сүйеубаевтың ісін алқабилер қарады. Досқараев сотта алқабилердің дауыс беру нәтижесін айтқан жоқ деді. Оның сөзінше, сот Сүйеубаевты Қылмыстық кодекстің "Есірткі, психотроптық заттарды сақтау, дайындау, қайта өңдеу, тасымалдау" (297-бап, 3-бөлік, 3-тармақ) бойынша кінәлі деп тапқан.
Белсенді қазір Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Адвокаты үкімге апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Сүйеубаевтың ата-анасы Ақтөбеде тұрады, белсендінің өзі де сол жақтың тумасы, екеуінің де екінші топтағы мүгедектігі бар, анасы онкологияға шалдыққан деді Досқараев.
Қазақстандағы саяси қудалау туралы жазатын Tirek.info сайтының мәліметінше, Асанәлі Сүйеубаев бұрын билікті сынағаны үшін қысымға ұшыраған. Бірнеше жыл бұрын ол мәжбүрлі түрде психиатриялық клиникаға жатқызылып, құқық қорғаушылар араласқаннан кейін ғана босатылған.
ПІКІРЛЕР