Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Түркістан облысындағы колониялардың бірінде тұтқындар "бүлік жасағанын" хабарлады. Ведомствоның ресми хабарламасынан ҚазТАГ агенттігі үзінді келтіреді. Онда колонияның нөмірі айтылмаған.
"Түркістан облысындағы мекемеде тұтқындардың бір бөлігі қамау орнының режиміне келіспей, қарсылық танытты" деп жазылған хабарламада.
ҚАЖК-ның айтуынша, ұлттық гвардияның екі қызметкері мен қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бір өкілі жеңіл жарақат алған, оларға медициналық көмек берілген.
Ресми хабарламада тұтқындардың жарақат алғаны-алмағаны айтылмайды.
Оқиғаға байланысты "Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау" бабы (428-бап, 3-бөлік) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
ҚАЖК қазір түрмеде жағдай қалыпқа келгенін хабарлады.
21 қыркүйекте таңертең Азаттық қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хабарласқанмен жауап ала алмады.
Облыстық прокуратура ақпаратына сүйенген Ratel сайтының жазуынша, №55 колонияда ҚАЖК және ҚАЖД өкілдері "тыйым салынған заттарды" іздеу шарасын жүргізген. Нәтижесінде "кішігірім заңсыздықтар анықталып, бірнеше тұтқын карцерге қамалған".
Бұған тұтқындар наразылық болған.
Сайттың жазуынша, 750-ден астам тұтқын отырған колонияда шамамен 400 адам қарсылық көрсеткен. Кешкі сағат 7 жарымда тұтқындар трансформаторды өртеген деп айтылады. Адам шығыны жоқ. Бірнеше тұтқын жеңіл жарақат алғаны хабарланды.
Қазір жағдай тұрақталған. Оқиға орнында облыс прокуроры, облыстық полиция басшысы, ҚАЖД бастығы жүргені хабарланды.
ПІКІРЛЕР