Accessibility links

Ресей әскері Никопольді атқылады, қаза болғандар арасында бір бала бар


Ресей әскері жексенбіге қараған түні Никополь қаласын атқылады. Днепропетровск облысының әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысактың айтуынша, камикадзе-дрон жолаушылары бар көлікке түскен. Бір әйел мен 12 жастағы қыз бала өлген. Ер адам мен 4 жастағы қыз ауруханаға жеткізілген, баланың жағдайы ауыр деп айтылады.

Никополь - Кахов су қоймасы жағалауындағы қала. Оған қарама-қарсы жатқан жағалау Ресей әскерінің бақылауында. Олар қаланы жиі атқылап келеді.

Сенбі күні кешке Харьков қаласы атқыланды. Әуе бомбасы көп қабатты тұрғын үйге түскен. Соңғы мәлімет бойынша, жараланғандар саны 21 адамға жеткен, арасында үш бала бар. Облыстық әскери әкімшіліктің тұжырымдауынша, қала Су-34 ұшағымен атқыланған. Харьков облысында бірнеше тұрғын үй бүлінген.

Ресей Украинаны күн сайын атқылап жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарды ғана нысанаға алатынын айтқан. Бейбіт халықтың қазасы мен азаматтық инфрақұрылымдардың қирағаны туралы мәліметке Мәскеу түсініктеме бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG