Израиль президенті Ицхак Герцог Ливандағы пейджерлер мен басқа да байланыс құралдарын жару операциясына Тель-Авивтің қатысы жоқ деп мәлімдеді. АҚШ пен басқа да бірнеше елде террористік деп танылған ливандық "Хезболла" тобы жарылысқа Израильді айыптаған, бұқаралық ақпарат құралдары да шабуыл артында Тель-Авив тұрған болуы мүмкін деп хабарлаған.
"Осы немесе басқа операцияға қатысы бар дегенді бірден жоққа шығарамын", – деді Герцог Sky News арнасына берген сұхбатында. Израиль президентінің сөзінше, Тель-Авив Ливанмен соғысқысы келмейді. "Бірақ Ливан террористік ұйымның тұтқынына айналды", – деді Герцог.
"Хезболланың" көптеген жауы бар. <…> "Хезболла" Ливанды тұншықтырып, қиратып, қайта-қайта астан-кестен етіп жатыр", – деді Израиль президенті.
17-18 қыркүйекте Ливанда "Хезболла" мүшелері байланысқа пайдаланатын пейджерлер мен рациялар жаппай жарылды. Ондаған адам қаза тауып, үш мыңға жуық адам жараланды.
"Хезболла" бұл оқиғаға Израильді айыптады. Reuters сұхбаттасқан дереккөздер байланыс құралдарын жаруға Израильдің "Моссад" барлау қызметінің қатысы бар деп хабарлады. ABC News телеарнасы америкалық барлау қызметіндегі дереккөзге сүйеніп, Израиль Ливандағы топтың пейджерлерін жару операциясын кемі 15 жыл жоспарлаған деп мәлімдеді.
Израиль ресми өкілдері "Хезболла" мүшелері пайдаланып жүрген байланыс құралдарын жаруға Израильдің қатысы болуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты осы кезге дейін ешқандай пікір білдірмеген еді.
ПІКІРЛЕР