Алматы қаласының полициясы 18 жастағы жасөспірім қазасын тергеп жатыр деп хабарлады "Власть" сайты. Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша, жасөспірім 23 қыркүйекте қаладағы көпқабатты үйдің төбесінен құлап, қаза болған.
"Осы оқиға бойынша Әуезов ауданының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Өлімге не себеп болғаны анықталып жатыр" деді полиция департаменті.
16 қыркүйекте Алматыда екі оқушы қыз биік үйден құлап қаза болған. Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаны қауіпті ойынмен байланыстырды. Бұған дейін ішкі істер министрлігі бұл жайтты "сөзсіз суицид" деп атаған, "Өзiн-өзi өлтіретін жағдайға жеткізу" бабы бойынша іс қозғалған. 23 қыркүйекте министрлік мектеп оқушыларының телефонында суицидке жеткізетін ойын табылмады деп хабарлады.
21 қыркүйекте Алматы қаласында 12 жастағы оқушы 13-қабаттан құлап мерт болды. Полиция департаменті марқұм бала қауіпті ойын ойнаған деген ақпаратты жоққа шығарды.
22 қыркүйекте Алматыда ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясында оқыған 19 жастағы курсант көпқабатты тұрғын үй ауласынан өлі табылды. Комитет курсант биіктен құлап мерт болды деді. ҰҚК мәлімдеуінше, полиция осы оқиға бойынша тергеу бастады, өлімге не түрткі болғанын анықтап жатыр. Комитет "курсант кезекті демалысқа шыққан еді" деді.
ПІКІРЛЕР