2024 жылдың басынан қыркүйекке дейінгі аралықта 12 325 қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Бұл ақпаратты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратты.
Министрлік мәліметіне қарағанда, қандастардың жартысына жуығы (45,6 пайыз) Қытайдан, 39,2 пайызы Өзбекстаннан, 5,5 пайызы Түркіменстаннан, 5,4 пайызы Моңғолиядан, 3,1 пайызы Ресейден және 1,2 пайызы өзге елдерден келген.
– Олар елдің түрлі өңіріне қоныстанды, қандастарды қоныстандыру бойынша еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары, – деп хабарлады министрлік.
Келгендердің 58,2 пайызы еңбекке жарамды жаста, 32,4 пайызы еңбек жасына жетпеген, 9,4 пайызы – зейнет жасындағылар.
Министрлік мәліметі бойынша, 1991 жылдан бері 1 миллион 140,7 мың қазақ тарихи отанына оралған.
Былтыр қарашада Қытай Гаага конвенциясына қосылғаннан кейін Қазақстанға көшіп келген Қытай азаматтарының құжаттарын реттеу тәртібі өзгерген. Қазақстан азаматтық алғысы келген қандастардан апостиль талап еткен. Үкімет Гаага конвенциясына қосылған елдерге қойылатын талап пен тәртіп ортақ, оны орындау керек деді. Апостиль қойдыру үшін қандастарға қайтадан Қытайға баруға тура келді.
ПІКІРЛЕР