Accessibility links

Швеция Иранды "Құранды өртегендерден кек алуға үндеді" деп айыптады


Швецияның мемлекеттік қауіпсіздігі қызметі (Sapo) Иранның барлаушыларын мобильді операторға кибершабуыл жасады деп айыптады. Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, ирандық хакерлер Швециядағы абоненттерді Құранды өртегендерден кек алуға үндеп, 15 мың хабарлама жіберген.

Тергеушілердің айтуынша, Anzu тобының хакерлері швед мобильдік операторының СМС-тарату қызметіне 2023 жылы шілдеде шабуыл жасаған. Құран өртеу акциясына қатысы барларды жазалау туралы үндеу Швеция тұрғындарына былтыр 1 тамызда таратылған.

Оның алдында Швецияда қастық ниеттегі адамдар исламға қарсы акциялар кезінде Құранның бірнеше экземплярын өртеген.

Прокуратура мәліметінше, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі кибершабуылды ұйымдастырған хакерлердің аты-жөнін анықтай алған. Алайда швед тергеушілерінде оларды тергеу мүмкіндігі жоқ.

Швеция прокуратурасы кибершабуылдың мақсаты швед қоғамына іріткі салып, Швеция мемлекетін исламның таралуын қолдамайтын ел ретінде көрсету деп мәлімдеді.

BBC ақпарат агенттігі мақаласында Швеция үкіметінің Құран өртеу акциясын айыптағаны, ал полицияның оны өткізбеуге талпынғанын жазды. Алайда сөз бостандығы туралы швед заңына сәйкес, мұндай акцияларға тыйым салуға болмайды.

Құран өртеу акциялары әлем мұсылмандарының ашу-ызасын туғызған. Таяу Шығыс елдерінде наразылық акциялары өтті. Атап айтқанда, Иракта наразылар Швецияның Бағдадтағы елшілігін өртеген.

XS
SM
MD
LG