Accessibility links

Байден БҰҰ Бас ассамблеясында: АҚШ Украинаны әрі қарай да қолдай береді


АҚШ президенті Джо Байден
АҚШ президенті Джо Байден

БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеген АҚШ президенті Джо Байден Ресей басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Украинаны әрі қарай да қолдай беретінін мәлімдеді. Ол өзге елдерді Украина еркіндігін сақтай отырып, жеңіске жететіндей жағдайға қол жеткізуге үндеді.

Байденнің сөзінше, Украинаны өзіне бағындырып, НАТО-ны әлсіреткісі келген Ресей президенті Владимир Путин өз дегеніне жеткен жоқ. АҚШ президентінің сөзінше, қазір Украинаны қолдаудан бас тартатын кез емес, керісінше осындай сын сағатта оны қолдау керек.

Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталған Байден Газа секторындағы соғыс пен Израиль-Ливан шекарасындағы қақтығысты реттеудің жалғыз амалы бейбіт келіссөз екенін айтты. Ол Израильмен соғысып жатқан ХАМАС пен "Хезболланы" (екі ұйым да бірқатар елдерде террористік ұйым танылған) айыптап, тұтқындағы израильдіктерді босатуға үндеді, Иранды аймақта "қақтығыс отын онан сайын өршітті" деп айыптады.

Байден өз сөзінде сонымен бірге өз әкімшілігінің климаттың өзгеруімен күрес және кедей және жағдайы төмен елдерге көмектесуде бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

Бұл Джо Байденнің АҚШ президенті ретінде БҰҰ мінберіндегі соңғы сөзі. Ол АҚШ-тағы президент сайлауына қатыспайды. Ол өз сөзінде осы тақырыпты жанай өтіп, өзге елдердің жетекшілерін билікке құмар болмауға үндеді: "қызметтен де маңыздырақ нәрсе бар. Бұл халық" деді ол.

Оған дейін БҰҰ Бас ассамблеясында Бразилия президенті Луис Игнасиу Лула да Силва сөйлеген. Ол Бразилия Қытаймен бірлесіп, Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бейбітшілік бастамасын әзірлегенін айтты. Бұған дейін бұл бастаманы Киев сынаған, себебі ол алдын ала шарт қоймай, келіссөзді бастауды қарастырады. Ал Украина бейбіт келіссөзді бастау үшін Ресей Украина территориясынан өз әскерін әкетуі керек дейді.

25 қыркүйекте Бас Ассамблеяда Украина президенті Владимир Зеленский де сөйлемек.

XS
SM
MD
LG