Accessibility links

Астанада Руанда президентінің өкілі – сыртқы барлау қызметі басшысымен кездесу өтті


Қазақстан қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов (оң жақта ортада) пен Руанда президентінің арнайы өкілі Жан Поль Ньирубутама кездесуі. 26 қыркүйек, 2024 жыл.
Қазақстан қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов (оң жақта ортада) пен Руанда президентінің арнайы өкілі Жан Поль Ньирубутама кездесуі. 26 қыркүйек, 2024 жыл.

Қазақстанның қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Руанда президентінің арнайы өкілі – Руанда cыртқы барлау және қауіпсіздік қызметінің бас директоры Жан Поль Ньирубутамамен Астанада кездесті.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хаттамалық кездесуде тараптар екіжақты қатынастың келешегін, әскери ынтымақтастық саласындағы әлеуетті талқылады деп хабарлады.

Астанаға келген Руанда өкілі 26 қыркүйекте Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездескен. Тоқаев Руанда президенті Поль Кагамеге сәлем айтып, екі ел арасындағы екіжақты және көпжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті деді президенттің баспасөз қызметі.

Ақорданың хабарлауынша, тараптар кездесуде сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы сөйлескен.

Поль Кагаменің билікте отырғанына 24 жылдан асты. 2003 жылы Руандадағы референдумнан кейін президент құзіреті кеңейген, жаңа Конституция ел президентіне премьер-министрді тағайындап, парламентті тарататын құзірет берді.

Биыл шілдеде ол төртінші мерзімге қайта сайланды, енді тағы бес жыл билікте отырмақ. Руанда орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Кагаме 99,18 пайыз дауыс жинаған. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2017 жылғы сайлауда Кагамені сайлаушылардың 99 пайызы қолдап дауыс берген. 2015 жылғы референдумда Конституцияға түзетулер енгізіліп, қазіргі президент үшінші мерзімге сайлауға түсу мүмкіндігіне ие болған, бұдан бөлек, президенттік мерзім жеті жылдан бес жылға дейін қысқарған. Кейінгі өзгеріс 2024 жылы күшіне енді. Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін Кагаме 2034 жылға дейін билікте қала алады.

Кагаме елдегі саяси оппозицияны басып-жаншып, сөз еркіндігін шектеді деген сынға қалған. Оппозиция лидерлері мен белсенділер қамауға алынып я елден кетуге мәжбүр болған. Құқық қорғаушылар Кагаме басқарып отырған Руандада адам құқықтарын таптау, соның ішінде азаптау, қамау және жоғалып кету сияқты заңсыздықтар болды деп мәлімдеген. Руандада бұқаралық ақпарат құралдары қатаң бақылауда жұмыс істейді, бұл үкіметке сын айтуды шектейді. Руанда 2024 жылғы баспасөз еркіндігі индексінде 144-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG