Израильдің қорғаныс әскері жексенбіге қараған түні радикал "Хезболла" тобының Ливандағы нысандарына соққысын жалғастырды. ЦАХАЛ-дың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ондаған нысан "жойылған", арасында ракета қондырғылары мен оқ-дәрі қоймалары да бар.
Ливан ақпарат құралдары Израиль әскерінің шабуылынан қаза болғандар барын жазды.
Жексенбі күні таңертең Ливан жағынан Израильге қарай кемінде сегіз ракета ұшырылған. Олар елді мекен жоқ жерге құлаған, ешкім зардап шекпеген.
Бұған қоса, Израиль әскерінің хабарлауынша, Қызыл теңіз жағынан ұшырылған дрон атып түсірілген.
Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде құрлық операциясы басталуы мүмкін екенін хабарлаған жоқ. Алайда Америкадағы дереккөздер мұндай қауіп барын жоққа шығармады. Қазір Ливандағы шекараға ЦАХАЛ күштері шоғырланып жатыр. Америкалық дереккөздердің айтуынша, ЦАХАЛ Ливанның шекара аумағында жекелеген операция бастап та кеткен болуы мүмкін.
- "Хезболла" Ливанның оңтүстігінде шииттер көп шоғырланған аудандардың басым бөлігін бақылауда ұстап отырған қарулы топ әрі саяси партия. АҚШ оны террористік ұйым деп таныған, ал ЕО оның әскери бөлімін ғана террористік ұйым деп таныған. "Хезболла" партиясы Ливан парламентінде бар.
- АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне ливандық ираншыл "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырған. Содан бері екі жақ арасында жағдай ушығып, шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған. 27 қыркүйекте ЦАХАЛ соққысынан "Хезболланың" қарулы тобының штаб-пәтері қирап, ұйымның жетекшісі Хасан Насралла өлтірілген.
ПІКІРЛЕР