Accessibility links

Воронеж бен Волгоград түбіндегі оқ-дәрі қоймасына дрон шабуылдады


Жексенбіге қараған түні Ресейдің оңтүстігіндегі бірнеше аймаққа дронмен шабуыл жасалды. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әуе қорғаныс жүйесі Волгоград, Белгород, Воронеж, Ростов, Курск және Брянской облыстары, сонымен бірге Азов теңізі мен Краснодар өлкесінде 125 дронды атып түсірген.

Волгоград облысында Котлубан ауылы аумағына бірнеше дрон құлап, өрт болған. Котлубанда ірі оқ-дәрі қоймасы бар. Оның бүлінген-бүлінбегені белгісіз.

Котлубанға алғаш рет шабуыл жасалып отырған жоқ. Қойма былтыр қараша мен биыл наурызда да дрон шабуылына ұшыраған. Мамыр айында жүк пойызының бірнеше вагоны жолдан шығып кетіп, ондағы жанармай толы цистерна жарылған. Сол кезде "Ресей темір жолы" оқиғаны "сыртқы әсермен" байланыстырған. Ал Baza қоймаға дрон құлағанын жазған.

Воронеж бен оның маңындағы елді мекендерде түнгі дрон шабуылынан кейін өрт шыққан. Көп қабатты ғимараттың төбесі өртенген, тағы бір үйдің балконынан өрт шыққан. Жергілікті билік зардап шеккендер туралы мәлімет бермеді.

Жергілікті тұрғындарға сүйенген Astra телеграм-арнасы Краснодар өлкесіндегі Ейск қаласында әскери бөлім мен аэродром орналасқан аумақта жарылыс болғанын жазды. Ақпаратқа ресми түсініктеме берілген жоқ. Ростов облысының Цимлянск және Волгодонск тұрғындары да жарылыс болғанын хабарлады.

Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладковтың сөзінше, өткен тәулікте дрон шабуылынан сегіз жергілікті тұрғын зардап шеккен, бір адам өлген.

Украина әскері мен арнайы қызмет әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді.

  • Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің шекаралас аймақтары тұрақты түрде дрон шабуылына ұшырап келеді. Ресей қорғаныс минисрлігі украиналықтар шабуылының "жолын кескенін" және дрон-ракеталарды атып түсіргені жөнінде баяндап жатыр. Қираған ғимараттар мен қаза болғандар бар. Киев көп жағдайда ақпаратқа түсініктеме бермейді.
XS
SM
MD
LG