НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте 3 қазанда Киевке барды. Бұл Рюттенің әскери одақ жетекшісі ретіндегі алғашқы халықаралық сапары.
Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөзден кейін Рютте Киевтің НАТО-ға қосылу мақсаты бұлайша бұрын-соңды жақын болған емес деп мәлімдеді.
Рюттенің сөзінше, әскери көмектен бөлек, альянс бірінші кезекте НАТО елдерінің қару-жарақ қорын толықтыруды көздеп отыр. Ол Украина өзін қорғауға құқылы, ал халықаралық құқық Украина жағында деді.
Рюттенің айтуынша, Киевке Ресей аумағын Батыс қаруымен атқылауға рұқсат беру мәселесін НАТО мүшелері 12 қазанда "Рамштайн" форматында өтетін Украинаны қолдау бойынша кездесуде талқылайды.
Әскери одаққа кіретін әрбір ел Украинаға беріп отырған қару-жараққа қандай шектеу қою керектігін өзі шешеді деді ол.
Зеленский өз кезегінде НАТО Украинаның әуе кеңістігін қорғау бойынша ұстанымын өзгертетін болар деп үміттенетінін жеткізді.
"Таяу Шығыста одақтастардың бірлігінің арқасында халықты қалай қорғап жатқанын көріп отырмыз. Ирандық ракеталарды бірігіп атып түсіру ресейлік және ирандық "Шахед" дрондарын атып түсіруден ешқандай айырмасы жоқ" деді Зеленский. Ол Украинаның одақтастары әзірге бұл мәселе бойынша ортақ шешімге келмегенін атап өтті.
Зеленский өз кезегінде әріпестерін Ресей басқыншылығына тойтарыс беру үшін Украинаға алысқа ұшатын қару беруге шақырды.
Украина күштерінің Угледардан шегінуне түсініктеме берген Украина президенті мұндай шешім әскери қызметкерлерді аман сақтап қалуға мүмкіндік берді деді. "Олардың өмірін қорғау керек, олардың өмірі жансыз құрылыстардан маңыздырақ" деді Зеленский.
ПІКІРЛЕР