Accessibility links

Қызметтен қуылған жұмысшы "Қазақстан темір жолына" еншілес компаниямен соттасып жатыр


Мұхтар Жамбылов
Мұхтар Жамбылов

Астана соты "Қазақстан темір жол" ұлттық компаниясына еншілес "ҚТЖ — Жүк тасымалы" компаниясы үстінен түсірілген шағым бойынша азаматтық істі қарай бастады.

Сотқа шағымды Атырау облысындағы темір жол станциясының қызметкері Мұхтар Жамбылов түсірген. Ол жұмыс берушінің өзіне қысым жасағанын айтып, "өз еркіммен жұмыстан кеттім" деп арыз жазудан бас тартқаннан кейін жұмыстан қуылғанын айтып отыр.

Шағым беруші соттан жұмыстан шығару туралы қаулыны заңсыз деп тануды, сонымен бірге жұмыстан шыққаннан бергі уақыт үшін жалақы төлеуді талап етіп отыр.

Тамызда бірінші инстанциядағы сот – Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Жамбыловтың шағымын қанағаттандырмай тастаған. Жамбылов апелляциялық шағым түсірген. 3 қазанда сот алқасы шағымды қарап, үзіліс жариялады.

Бейсенбі күнгі сотта Жамбылов темір жол саласында 20 жылдан астам уақыт істегенін, карьерасын қарапайым жұмысшы болып бастағанын жеткізді. 2022 жылы "ҚТЖ - Жүк тасымалы" бас директорының орынбасары болып тағайындалған.

Оның сөзінше, бұдан кейін одан төменгі лауазымға ауысып, орнын босатуды талап еткен. Шағым түсіруші мен адвокаты сотта "Жамбыловты бір аумақтан екінші аумаққа ауыстырып, жұмыстан шығуға мәжбүрлеген, ереже бұзды деп кінәлаған" деді. Емделіп, уақытша жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған кезде жұмыстан шығарып жіберген. Кейінгі уақытта ол Атырау станциясында бастық болып істеген. Жамбыловтың сөзінше, лауазымдық қызметтен "өз еркімен кетуден" бас тартқаннан кейін оны сол жаққа жіберген.

"Жүйкем жұқарып, ауырып қаламын, осы кезде олар мені жұмыстан шығарады. Қазақстан темір жолының игілігі үшін әрі қарай қызмет етуге дайынмын, сондықтан қызметімді қалпына келтіруді сұраймын. Әділ шешім шығарады деген үміттемін" деді шағым түсіруші сотта.

Жамбылов пен адвокат іске аудиожазбаны да тіркеуді сұрады. Шағым түсірушінің сөзінше, онда өзіне бағытталған қоқан-лоқы жазылған. Жауапкер жақ бұған қарсы болды. Іске үшінші тұлға болып қатысқан еңбек инспекциясының өкілі шағымды қанағаттандыруды сұрады. Бірақ сот өтінішті орындамады.

Шағым түсірушінің сөзінше, екі жыл бұрын Қазақстандағы пойыздардың қозғалысын қалпына келтіру үшін оны басшылық қызметке тартқан. Жамбыловтың сөзінше, сол кезде жолаушылар пойызы жиі кешігетін. Ал көптеген жүк пойыздары станцияларда қараусыз қаңырап қалған. Ол сотта пойыздар қозғалысын қалыпқа келтіру үшін көп күш салғанын, соңына қарай одан "орынды босатуды" сұрағанын айтады.

Ал жауапкер жақ шағым түсірушінің талабын негізсіз деп санайды, оған қысым жасалды дегенді де жоққа шығарды. Жауапкердің сөзінше, "тасымалдау процесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" Жамбылов Атыраудағы бөлімшеге ауыстырылған. Онымен еңбек келісімшарты Жамбылов "уақытша еңбек ету мүмкіндігінен айырылып" жұмыс орнында болмағаннан кейін бұзылған. Сот алдында жауапкер шағым берушіге жұмыс орындарын ұсынған, алайда шағым беруші оған келіспеген.

XS
SM
MD
LG