Accessibility links

АҚШ-та 200-ден астам адам "Хелен" дауылынан қаза болды, жүздеген адам із-түзсіз жоғалған


Ньюпорт, Теннесси штаты.
Ньюпорт, Теннесси штаты.

АҚШ-тың оңтүстік-шығысында "Хелен" дауылының салдарынан үйлер қирап, жүздеген адам опат болды. Кейінгі мәлімет бойынша, 200-ден астам адам қаза болған, жүздеген адам із-түзсіз жоғалған.

Америка ақпарат құралдарының жазуынша, құтқраушылар мен апаттық бригадалар күн сайын жолдарды тазартып, зардап шеккен аймақтарға азық-түлік жеткізіп, іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Табиғи апаттан зардап шеккен Оңтүстік Каролина штатына 2 қазанда барған президент Джо Байден мың әскери қызметкерді дауылдан зардап шеккен аймақтарға жіберуге рұқсат берді. 3 қазанда президент Флорида және Джорджия штаттарына барды деп жазды "Америка дауысы" сайты.

Ақ үйдің хабарламасында әскери қызметкерлер "азық-түлік, су және өзге де маңызды ресурстарды жеткізуге атсалысатыны" жазылған.

Апат аймақтарында 12 штаттан жиналған алты мыңнан астам ұлттық гвардия қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің жетекшісі Алехандро Майоркас жуырда АҚШ-та тағы дауыл болса, федералдық билікке көмек көрсету қиынға түспек деді.

Оның сөзінше, Байден әкімшілігі аймаққа 8,8 млн ыдыспен тамақ, 7,4 млн литр су, 150 генератор және 225 мың палатка жіберген.

Атлант мұхитында дауыл қарашаның соңында ғана тыншиды деп айтылады. Қазіргі кезде АҚШ аумағына тағы екі дауыл жылжып келеді деп жазды BBC ақпарат агенттігі.

XS
SM
MD
LG