Accessibility links

Астана соты белсенді Ермек Нарымбаевты бес күнге қамады


Белсенді Ермек Нарымбаев
Белсенді Ермек Нарымбаев

Астана әкімшілік соты белсенді Ермек Нарымбаевты бес күнге қамады.

Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, бұрын шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Белсенді АЭС референдумы қарсаңында бақылаушылар жұмысы бойынша кеңес берген. Сот соны алға тартып, "сот үкімін орындамады" (Әкімшілік кодекстің 669-бабы) деп белсендіні кінәлі таныған. Адвокат шешімді сотқа беретінін айтты.

"Судья біздің өтініштердің барлығын қабылдамай тастады. Бақылаушыларды сотқа қоспай қойды. Бұл мәселе бойынша ақылдасу бөлмесіне кетіп, екі сағат сол жақта болды. Іспен танысуға маған 10 минут берді. Ермекке өтінішін айтуға мүмкіндік бермеді. Менің де сөзімді бөліп, сөзімді аяқтатқан жоқ", – деді Жанар Балғабааева.

Оның сөзінше, жексенбіге қараған түні сағат 23 шамасында полицейлер екі көлікпен белсендінің үйіне барып, оны күштеп алып кеткен.

"Күштеп ұстаған кезде Ермектің шалбары, пиджагы жыртылған, көзәйнегі сынған. Оны Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізген", – деді адвокат.

2015 жылы Ермек Нарымбаев әлеуметтік желіде "алауыздық қоздырды" деген айып бойынша түрмеге кесілген. 2016 жылдың басында "шын ниетімен өкініп, кешірім сұрағаннан кейін" жазасы жұмсартылып, пробациялық бақылаумен қамаудан шыққан. Көп ұзамай белсенді Украинаға кеткіп қалғаны белгілі болды. Ресей Украинаға басып кірмей тұрып Ермек Нарымбаев Қазақстанға оралып, шамамен 1,5 жыл түрмеде отырды. 2023 жылы шілдеде жазасының өтелмеген бөлігі бостандықты шектеу жазасына алмастырылып, белсенді қамаудан босап шыққан.

АЭС референдумы қарсаңында Ермек Нарымбаев Facebook желісінде "Мұқалмас" ұйымы атынан бақылаушы ретінде Астанадағы сайлау учаскелерінің бірін бақылайтынын айтқан. Ол Астанада сайлау учаскелері бақылаушыларға кедергі жасап жатқанын хабарлап, сотқа арызданған.

Нарымбаевтың сөзінше, учаскелердің бірінде комиссия волейбол торының ар жағына қара таспа іліп, көрініске кедергі келтірген. Ол сондай-ақ бақылаушыларға дауыс беру процесін бақылау ыңғайсыз болатын залдан орын берілгенін де айтқан.

Нарымбаевтың шағымы бойынша сот болмады.

Қазақстанда референдум қарсаңында ондаған белсенді ұсталып, кейбірі қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген.

6 қазанда белсенділердің ұсталуына қатысты пікір білдірген сенат жетекшісі Мәулен Әшімбаев пен мәжіліс спикері Ерлан Қошанов "барлығы заң аясында жүріп жатқанын" айтты.

"Белсенділер саяси көзқарасына бола ұсталған жоқ, олардың заң бұзуына байланысты мәселе болған... Қазақстанда азаматтардың саяси құқығы шектелмейді", – деді Әшімбаев.

Қошанов та азаматтардың еркіндігіне қол сұғу фактілері болмағанын алға тартты.

"Мемлекет басшысының жариялаған негізгі ұстанымы қандай? Ол заң мен тәртіп. Бізде заң бар, бізде тәртіп бар. Сол заңды ешкім бұзбауы керек, тәртіпті сақтауы керек. Сондай кезде ешқандай әңгіме болмайды деп ойлаймын", – деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Қошанов.

Белсенділерді ұстауға қатысты пікір айтқан құқық қорғаушылар бұл биліктің белсенділерді оқшаулап, наразылық білдіруіне жол бермеу қарекеті болуы мүмкін деп айтқан.

XS
SM
MD
LG