Accessibility links

ТЖМ: Қарағанды өңірінде 35 мың гектар жер өртеніп жатыр


Қарағанды облысы Қарақаралы ауданындағы өртке барған құтқарушылар. Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған фото.
Қарағанды облысы Қарақаралы ауданындағы өртке барған құтқарушылар. Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған фото.

Қарағанды облысы Қарақаралы ауданы Қоянды ауылы маңында құрғақ шөп өртеніп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратынша, өрт ауданы 35 мың гектарға жеткен. Ресми дерек бойынша, бір өрт сөндіруші-құтқарушы қаза тауып, бірнеше адам зардап шеккен.

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 6 қазанда басталған. ТЖД таулы жерлер, қатты жел мен өрт ошақтарына кірме жол жоқтығы өртті сөндіруді қиындатып жатыр деді.

Министрліктің хабарлауынша, өрт сөндіру кезінде өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері мен өртке қарсы құрылған ерікті топтан бір адамды күйік шалған. Оларды аудандық ауруханаға жатқызып, дәрігерлер көмек көрсеткен. Өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғынды тікұшақпен Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізген, ақпаратқа қарағанда, оның өміріне қауіп жоқ.

6 қазанда Қарқаралы ауданындағы өртті сөндіру кезінде 33 жастағы өрт сөндіруші-құтқарушы Хали Хайрат қаза тапқан. Төтенше жағдайлар министрлігі оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, тергеу басталды деп хабарлады.

7 қазан кешке ТЖМ өңірдегі Айыр, Шөптікөл, Қызылшілік, Атантай, Теректі елді мекендеріне қауіп жоқ деп мәлімдеді. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күштері атсалысып жатыр, өрт ошақтарына әуеден 50 тоннадан астам су төгілді деді министрлік. Өңірдегі Желтау кентінен 18 адамды алдын ала эвакуациялаған.

Қарағанды облысындағы өрт іргелес жатқан Павлодар облысына жеткен. ТЖМ Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы 10 мың гектар өрт оқшауланды деді. Өрт ошақтарына 64 тонна су төгілген.

Өртті сөндіруге ұлттық ұлан, Кувский орманшылығы, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстарының төтенше жағдайлар департаментінен, ТЖМ-нің әскери бөлімінен қосымша күштер жіберілген.

Былтыр маусымда Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында болған алапат өртте 60 мың гектар орман жанып кетті. Ресми есеп бойынша, тілсіз жаудың бетін қайтаруға барған 14 адам қаза тапты. Бәрі орман шаруашылығында жұмыс істеген.

Бұл оқиға адам шығыны мен қамтыған аумағы жөнінен екі жыл бұрын Қостанай облысы Әулиекөл ауданында, үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында болған ірі орман өрттерінен асып түскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG