Ресей аннексиялап алған Қырымдағы Феодосия портында екі күннен бері мұнай базасында өрт болып жатыр. Украина қарулы күштерінің бас штабы нысанға 7 қазанға қараған түні украин әскері шабуыл жасады деді, бірқатар телеграм-арна дрон шабуылы жасалды деп жазған. Ресей билігі өртке нақты не себеп болғанын хабарламады, оны "оқиға", "тұтану" деп қана атады.
Мұнай базасына іргелес аудандардан мыңнан астам адам уақытша паналайтын орынға көшкен. Бұл туралы Ресей тағайындаған қала басшысы Игорь Ткаченко хабарлады. Оның сөзінше, Феодосияның 1047 тұрғыны жергілікті қонақүйлер мен пансионаттарды паналап отыр.
Азаттықтың Орыс қызметі (Радио Свобода) зерттеген спутник суреттеріне сәйкес, 7 қазанға қараған түні шабуылға ұшыраған Феодосия портындағы мұнай базасы аумағында 2022 жылғы күзден бері әуе шабуылынан қорғайтын "Панцирь-С1" жүйесі тұрған.
Спутниктен түсірілген суреттерде подиумға қойылған "Панцирь" жүйесі көрінеді. Мұндай "Панцирлер" бұған дейін Ресейдің Туапсе қаласындағы мұнай базасы аумағында және басқа да ресейлік маңызды инфрақұрылым нысандары маңында орнатылған.
Бұл қорғаныс жүйесі Мәскеу облысында Ресей президенті Владимир Путиннің Ново-Огареводағы резиденциясы маңына да қойылған.
Шамасы, "Панцирь" шабуылға қарсы тұра алмаған. Қондырғының өзі жойылды ма, жоқ па белгісіз.
Феодосияда жанып жатқан мұнай базасы – "Теңіз мұнай терминалы" акционерлік қоғамы – мұнай өнімдерін тиеу көлемі бойынша Қырымдағы ең ірі нысан деп жазды Крым.Реалии сайты. 2024 жылы наурызда оған Украина қарулы күштерінің дрондары шабуыл жасап, салдарынан отын айдайтын магистраль құбырға зақым тиген.
ПІКІРЛЕР