Accessibility links

Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды


Берік Әбдіғалиұлы
Берік Әбдіғалиұлы

Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды. Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.

Берік Әбдіғалиұлы бұл қызметке 2022 жылғы маусымда келген. Сол жылы Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанда жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылған еді.

Сәрсенбі күні Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болған Дастан Рыспеков осы өңірдің әкімі етіп тағайындалғаны белгілі болды.

Берік Әбдіғалиұлының қызметтен кету себебі айтылмады.

Биыл ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлытау облысының мәдениет, тілді дамыту және мұрағат істері басқармасының жетекшісі пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Кейін сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырғаны белгілі болды.

Бұған қоса, Ұлытау облысының табиғи ресурстар басқармасының жетекшісі де су тасқынын жоюға берілген қаражатты жымқырды деп айыпталған.

Қазақстанда "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс. Бұл оқиғалардың Берік Әбдіғалиұлының қызметтен кетуіне қатысы бар-жоғы белгісіз.

53 жастағы Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысы жетекшілігіне дейін 2021 жылы қаңтардағы парламент сайлау кезінде "Нұр Отан" партиясының тізімімен мәжіліс депутат болған. Ол өзі туып-өскен Ұлытау ауданының әкімі қызметін екі рет (2010 жылы және 2019-21 жылдары) атқарған. Арқалық қаласының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, президент әкімшілігінде инспектор қызметтерін істеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG