Accessibility links

АЭС-ті салатын негізгі компания "Росатом" бола ма? АҚШ-тағы сайлау нәтижесі аймаққа қалай әсер етеді?


"Росатом" салған Беларусьтегі алғашқы атом станциясы.
"Росатом" салған Беларусьтегі алғашқы атом станциясы.

Батыс басылымдары бұл аптада АЭС салу бойынша өткен референдум «биліктің ядролық амбициясын заңдастыратын саяси театр» болғанын жазды. Басылымдар сондай-ақ АЭС-ті халықаралық консорциум салады деген мәлімдемеге қарамастан, түптің түбінде негізгі келісімшарт Ресейдің «Росатом» компаниясымен жасалуы мүмкін екенін талдады. Бұдан бөлек АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Орталық Азияға қалай әсер ететінін талдады.

АЭС БОЙЫНША РЕФЕРЕНДУМ: "ҮКІМЕТТІҢ ЯДРОЛЫҚ АМБИЦИЯСЫН ЗАҢДАСТЫРУ" ӘРЕКЕТІ МЕ?

Ұлыбританиядағы Economist басылымы үкімет атом электр станциясын салу бойынша референдумда «иә» деген дауысқа қол жеткізу үшін барын салғанын жазды. Шенеуніктер АЭС Қазақстанның энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қазба отынына тәуелділікті азайтатынын мәлімдеді. Олар атом энергетикасы жылу электр станцияларына қарағанда таза екенін айтты. Қазір Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызын жылу электр станциялары өндіреді.

Қарсыластар болса жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру қауіпсіз және экологиялық таза деген уәж келтірді. АЭС-ты сынайтындар реактор онсыз да суы тартылып жатқан Балқаш көліне жақын аумақта салынса, бұл қоршаған ортаға қалай әсер етеді деп алаңдайды.

Олар сондай-ақ ірі жобалармен жемқорлық қатар жүретіндіктен, АЭС салғанда ақша жымқырылмайды деп үкіметке қаншалық сенуге болады деп күмәнданады. Қазақстанның ядролық мұрасы, Семей ядролық полигонында 1949-1989 жылдар аралығында 456 ядролық бомба сынақтан өткізіліп, жергілікті халық оның зардабын әлі күнге тартып жатқаны пікірталастың басты тақырыбына айналды.

Басылым АЭС-ті жақтаған, ресми қолдауға ие болған ақпараттық науқан қарсылардың үнін басып, қоғамдық тыңдауды монополиялап алғанына назар аударды. Ақпарат құралдары мен көшедегі жарнамада ядролық лобби басым болды.

Автор Джоанна Лиллис билік АЭС-ке қарсыларға митинг өткізуге рұқсат бермей, ондаған белсендіні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген күдікпен ұсталғанын келтіреді. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, референдум үкіметтің ядролық амбицияларын заңдастыруға бағытталған «саяси театр» болды.

Референдум күні астанада наразылыққа шыққан Эльвира Бекзадинаны полиция ізінше ұстап әкетті. Астана, 6 қазан 2024 жыл.
Референдум күні астанада наразылыққа шыққан Эльвира Бекзадинаны полиция ізінше ұстап әкетті. Астана, 6 қазан 2024 жыл.

Ресми дерек бойынша, референдумға қатысқандардың 71 пайызы АЭС салуды қолдап дауыс берді. Economist бұл нәтиже еш таңғалдырмайды дейді. Ендігі кезекте АЭС салуға төрт елдің компаниялары үміткер. Олардың арасында Ресейдің «Росатом» компаниясы бар.

«Бұл тізімге соғысып жүрген көрші әрі Қазақстан одақтасының қосылғаны көптеген қазақстандықтың наразылығын тудырды. Қазақ мұнайын экспорттайтын бағыттың 95 пайызын Ресей бақылайды. Көпшілік Қазақстанның энергетикалық секторында Ресейге көбірек тетік беру алаңғасарлық болар еді деп есептейді», дейді басылым.

Ал АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы референдумнан кейін елді ұзақ жол мен белгісіздік күтіп тұрғанын жазды. Мақала авторы Кэтрин Путц атом электр станциясы тез арада салынған күннің өзінде (бірақ ол тез салынбайды) ол Қазақстанның энергетикалық дағдарысын шешпейді дейді. Автор АЭС салуға үміткер төрт компания ішінен «Росатомның» серіктеске айналу ықтималдығы жоғары деп есептейді.

Астанада ядролық технология бойынша өткен KazAtomExpo - 2024 халықаралық көрмесінде "Росатом" өкілдері Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке жобаларын көрсетіп тұр. Тамыз, 2024 жыл.
Астанада ядролық технология бойынша өткен KazAtomExpo - 2024 халықаралық көрмесінде "Росатом" өкілдері Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке жобаларын көрсетіп тұр. Тамыз, 2024 жыл.

Кэтрин Путц ядролық энергетика жөніндегі сарапшы Тоғжан Қасенованың Diplomat журналында шыққан мақаласына қайырылады. Онда зерттеуші Қазақстан АЭС сала ма, ол қалай іске асады деген мәселе атом энергетикасынан ауқымды және елдің болашағына әсер етеді деген.

«Бұл Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік мәселесін қалай шешіп, күрделі геосаяси ахуал мен Ресеймен қарым-қатынасты қалай реттейтінін және үкімет «естуші» боламыз деген уәдесін қаншалық орындайтынын көрсетеді», дейді Қасенова.

Сонымен қатар автор Reuters ақпарат агенттігінде шыққан журналист Вадим Борейконың пікіріне назар аударады. «Атом электр станциясын «Росатоммен» [Ресейдің мемлекеттік компаниясымен] бірге салу Тоқаев әкімшілігінде қабылданып қойылған шешім, Қазақстан халқы бұл шешімді өз дауыстарымен бекітетін «нотариустар» ретінде шақырылды деген қорытындыға келдім», дейді Борейко.

АЭС САЛАТЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНСОРЦИУМ ЖАЙЛЫ ҰСЫНЫС КӨЗБОЯУ МА?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек» деп мәлімдеді. Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы бұл Астана түбінде Ресейдің мемлекеттік «Росатом» компаниясына сүйенеді дегеннен назарды басқа жаққа бұру емес пе деген сұраққа жауап іздейді.

Дауыс беруге дейін АЭС-ті кім салатыны жайлы дау болған жоқ, себебі оны қолдайтын да, қолдамайтын да азаматтардың көпшілігі Ресей президенті Владимир Путиннің дегені іске асатынына сенімді болды. Бірақ кейін билік АЭС-ті бірнеше елдің компаниясы бірігіп салатынын айта бастады.

Вице-премьер Роман Скляр 8 қазан күні үкімет отырысында Қазақстан әртүрлі елдердің үздік технологияларын алуды мақсат ететінін, бір ел ядролық аралды, енді бірі турбиналарды, тағы бірі электр тарату құрылғыларына мамандануы мүмкін екенін мәлімдеді. «Бір жеткізуші не мердігерге тәуелді болмау маңызды», деді Скляр.

«Қазақстан атом электр станциялары» мемлекеттік компаниясының бас директоры Тимур Жантикин әлемде АЭС-ті бірнеше компания бірігіп салатынын айтқан. Бас компания ядролық реакторға жауап берсе, кейін ол маңызды компоненттерді жеткізетін басқа компаниялармен серіктестік орнатады.

Жұмыстың белгілі бір бөлігі түрлі мердігерлерге беріліп, негізгі келісімшарт Ресей компаниясымен жасалса, Кремль Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде көбірек тетік пен билікке ие болады деген сөз бе?

«Егер бұл шындыққа айналса, онда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның шенеуніктерін АЭС салудың шынайы жоспарынан назарды басқа жаққа бұратын көзбояу жасады деп айыптауға болады...» дейді басылым.

АҚШ-тағы САЙЛАУ НӘТИЖЕСІНІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ӘСЕРІ

Diplomat басылымы АҚШ-тағы сайлау нәтижесінің аймаққа әсері қандай болмақ және Дональд Трамп немесе Камала Харрис сайланған жағдайда Вашингтонның Орталық Азиямен қарым-қатынасы қалай өрбиді дегенге үңіледі.

Осы күнге дейін АҚШ-тың бірде-бір президенті Орталық Азияға сапарлап келген емес. Бірақ соған қарамастан Вашингтон аймақпен С5+1 сияқты форматта дипломатиялық қарым-қатынас пен серіктестік ұстанып келеді. Бұл Орталық Азияның стратегиялық маңызын көрсетеді. Аймақ АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесін мұқият бақылайды, себебі ол Вашингтон мен Орталық Азияның қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін.

Мақала авторы Ташкенттегі шығыстану мемлекеттік университетінің зерттеушісі Акилбек Тилаволдиев Дональд Трамптың бірінші президенттігі кезінде «АҚШ-тың Орталық Азиядағы 2019-2025 жылдарға арналған стратегиясы: егемендікті нығайту мен экономикалық гүлдену» құжаты қабылданғанын еске салады.

Зерттеушінің ойынша, егер Трамп сайлауда жеңіске жетсе, бұл стратегия жаңарып, экономикалық серіктестік пен аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда АҚШ инвесторларына қолайлы жағдай тудыру, аймақ тұрақтылығын сақтауға бағытталған саясат жалғасын табады. Трамп анағұрлым прагматист көзқарас ұстанып, екі жаққа да экономикалық пайда әкелетін саясатқа сүйенеді.

Ал қазіргі вице-президент Камала Харрис жеңіске жетсе, Вашингтонның аймақпен қауіпсіздік және экономикалық серіктестігі жалғасып, әлеуметтік және экологиялық мәселелерге көбірек мән берілетін болады. Харрис Трамп тұсында жасалған стратегияны қайта қарастырып, демократиялық құндылықтар, адам құқықтары мен тұрақты дамуға басымдық беруі мүмкін.

Сонымен қатар Орталық Азия үшін АҚШ-пен С5+1 форматындағы серіктестік маңызды. Бұл формат Барак Обама президенттігі тұсында сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесу ретінде іске қосылды. 2023 жылы Нью-Йоркте алғаш рет аймақ басшылары мен АҚШ президенті деңгейінде өтті.

Тилаволдиев Трамп жеңіске жетсе, C5+1 форматы маңыздылығын сақтап қалып, экономика мен қауіпсіздікке негізделген прагматикалық серіктестікке көбірек мән беріледі дейді. Ал Харрис бұл формат арқылы аймақтың ұзақ мерзімді дамуына көбірек көңіл бөліп, демократиялық реформа, әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты дамуға басымдық береді. Үміткердің қайсысы сайланса да, С5+1 форматы АҚШ пен Орталық Азия серіктестігінің маңызды механизмі болып қала береді. Бірақ бұл серіктестіктің бағыты АҚШ президентінің саяси күн тәрітібіне байланысты өзгеруі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG