Accessibility links

Қазақстанға қашқан ресейлік әскери қызметкерлер Франциядан саяси баспана сұрады


Мобилизациядан қашып, Қазақстанда бас сауғалаған алты ресейлік әскери қызметкер Еуропа визасын алып, Францияға жетті. Бұл жөнінде BBC ақпарат агенттігінің Орыс қызметі жазды. Олар саяси баспана сұрау процесіне кіріскен.

"Сибирь.Реалии" сайтының жазуынша, олардың бірі басқыншылыққа дейін жарты жыл Украина аймағындағы Ресей әскерінің құрамында болған. 2022 жылы тамыздың соңында демалысқа кеткен. Бір айдан кейін Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін ол Қазақстанға барған. Мұнда ол құқық қорғаушы Артур Алхастовпен бірге әскерден қашқан өзге де ресейлік әскери қызметкерлерге көмектесе бастаған.

Олар Ресей әскерінен қашқан адамдардың қандай да бір әскери қылмысқа қатысы бар-жоғын тексереді. Франция мен Германиядағы ресейлік құқық қорғаушылар қашқындарды ЕО-ға кіргізу үшін Еуропа билігімен келісуге тырысады. Себебі Қазақстан бірнеше рет соғыстан қашқан ресейлік әскери қызметкерлерді Мәскеуге тапсырған.

Соғыстан қашқан ресейлік әскери қызметкерлердің тұтас топ болып, Еуропадан виза алып, саяси пана сұрауы алғаш рет тіркеліп отыр. Бұған дейін Қазақстанда жүрген соғыстан қашқандардың тек біреуі ғана ЕО-дан виза ала алған еді.

  • "Медиазонаның" 2024 жылдың тамыз айындағы мәліметі бойынша, жыл басынан бері Ресей соттарына әскери қызметтен қашу бойынша шамамен 5,2 мың қылмыстық іс түскен. Бұл былтырмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Мобилизация басталғалы бері осындай 13 мыңнан астам іс (бөлімшеден рұқсатсыз кету, бұйрықты орындамау, әскерден қашу) сотқа жеткен.
  • "Идите лесом" жобасының бағалауынша, Армения мен Қазақстанда соғыстан қашқан жүздеген ресейлік әскери қызметкер бар. Екі ел де қауіпті болып саналады – аталған елдерде кейде ресейлік қашқындарды Ресейдің күштік құрылымдары ұстаған.
XS
SM
MD
LG