Украина билігі соғысты аяқтау мақсатында жерінің бір бөлігін Ресейге беру мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы жоғары лауазымды украин шенеунігіне сілтеп, германиялық Der Spiegel журналы хабарлады.
Басылымға сұхбат берген дереккөздің айтуынша, бұған дейін Киев соғыс Ресей толықтай жеңілгенде ғана аяқталады деп келген. "Бірақ мұндай қадамға бармасақ та болмайды. Келіссөз Ресейге де тиімді болуы керек" дейді украин шенеунігі. Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін бірнеше рет "Украина ешбір жерін Ресейге бермейді. Жерімізді түгел қайтармайынша, соғысты аяқтамаймыз" деп мәлімдеген.
Шенеуніктің айтуынша, украин әскерилерінің соғыс туралы ойы екіге жарылып, қоғамда конфликтіні аяқтау туралы жиі айтыла бастаған. "Болжам нашар. Жұрт соғысқысы келмейді" дейді журналға сұхбат берген дереккөз.
Оның сөзінше, АҚШ-тағы сайлауда кім жеңсе де, Батыс елдерінің Киевті қолдауы біртіндеп азая бермек. Дереккөздің бұл сөзі Киев одақтастарының Украинаға қолдауды кемітпейтіні туралы жария мәлімдемелеріне кереғар.
Осы аптада Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа елдеріне сапарлап барып, 2025 жылы соғысты тоқтату мүмкіндігі туралы айтқан. Ол Батыс елдерінің лидерлеріне Киевтің "жеңіс жоспарын" таныстырып, Украинаға қолдауды арттыруды сұраған. Зеленскийдің "жеңіс жоспары" әлі ашық жарияланған жоқ. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл жоспар ішінде Украинаны НАТО-ға шақыруды жылдамдату, сонымен бірге Ресейдегі нысандарға Батыс қаруымен соққы жасауға рұқсат беру туралы айтылады.
ПІКІРЛЕР