Accessibility links

Израильдің солтүстігінде дрон шабуылынан 70-ке жуық адам жараланды


Израильдің қауіпсіздік күштері елдің солтүстігіндегі Биньямина қаласы маңында дрон атып түсірілген аймақты қоршап тұр.
Израильдің қауіпсіздік күштері елдің солтүстігіндегі Биньямина қаласы маңында дрон атып түсірілген аймақты қоршап тұр.

Израильдің солтүстігіндегі әскери базаға жасалған дрон шабуылынан Израильдің 4 сарбазы қаза тауып, 60-тан астам адам жараланған. Бұл хабарды Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) таратты.

Хайфа қаласынан оңтүстікке қарай орналасқан Биньямина – Гиват-Ада елді мекеніндегі әскери базада болған жарылыстан жараланғандар арасында жеті сарбаздың жағдайы ауыр делінген ақпаратта. Ол әскери дронды Ливан аумағынан "Хезболла" радикал тобының мүшелері ұшырған деді ЦАХАЛ.

Дрон әскери базадағы кешкі тамақ кезінде адамдар шоғырланған асхананың төбесін тесіп кірген. "Кешет 12" телеарнасы Израильдің әуе шабуылы туралы алдын ала ескертетін жүйесі жұмыс істемеген деп хабарлады. ЦАХАЛ оның себебі анықталады деді.

Ақпаратқа қарағанда, Израильге үш дрон жіберілген, елдің қорғаныс армиясы олардың екеуін қағып түсіргенін айтты.

"Хезболланың" шабуылға қатысы барын "Әл-Жазира" телеарнасына топтың жоғары шенді мүшесі хабарлаған. АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. "Хезболла" партиясы өкілдері Ливан парламентінде отыр.

Қыркүйекте Израиль Ливан аумағынан шабуыл үдеген соң сонда шоғырланған "Хезболлаға" қарсы әскери операция бастаған. Топ жетекшісі Хасан Насралла мен басқа да жоғары шенді адамдары Израиль шабуылынан қаза тапты. 30 қыркүйекте Израиль Ливанға әскер кіргізіп, топқа қарсы шектеулі операция жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Ливанның денсаулық сақтау министрлігі қыркүйектің ортасынан бастап Израильдің әуе шабуылы мен құрлықтағы операциясы салдарынан елде 1300-ден астам адам қаза тауып, 3800-ге жуық адам жараланды деп хабарлады.

Миллионнан астам адам босып кеткені айтылды. Израиль былтыр қыркүйектен бері "Хезболла" тобы жасаған шабуылдардан елдің ондаған бейбіт тұрғыны қаза тапты деп мәлімдеді. Ливан шекарасына жақын үйлерден 100 мыңға жуық адам көшіп кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG