Астана Telegram корпорациясының Қазақстанда кеңсесін ашу туралы келісімге қол жеткізді деп хабарлады цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.
Telegram-мен әріптестік туралы АҚШ сауда палатасының және Apple мен Meta компанияларының өкілдерімен кездесулерден соң айтылды.
– Telegram платформасымен заңсыз контентті дереу жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша белсенді әріптестік орнатып жатырмыз. Біздің заңға сәйкес, енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындауға тиіс. Telegram-мен оның өкілін тағайындау және кеңсесін ашу бойынша келісімге қол жеткіздік. Бұл контентті бақылауды арттыруға бағытталған маңызды қадам, – деген цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Кездесулерде жеке деректер қауіпсіздігі, жалған парақшалармен күрес және тұтынушы құқығын қорғау мәселелері талқыланған. Министрліктің хабарлауынша, кейінгі үш айда Meta жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, әлем бойынша 1,2 млрд жалған парақшаны бұғаттаған.
Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуров биыл тамызда Әзербайжаннан Францияға жеке ұшақпен ұшып барғанда мессенджер қызметіне байланысты ұсталып, кейін сот оны бақылауға алды. Француз билігі Telegram құқық қорғау органдарына тергеу жүргізуге қажет ақпаратты бермеді деді. Қыркүйекте Дуров Telegram корпорациясы "заңды негізбен сұрау салған" қауіпсіздік органдарына қосымшаны заң бұзу үшін пайдаланатын мессенджер қолданушыларының IP-мекенжайы мен телефон нөмірін береді деп хабарлады.
ПІКІРЛЕР