15 қазан таңертең Солтүстік Корея өзін Оңтүстік Кореямен байланыстыратын автомобиль және теміржол учаскелерін жарып жіберді. Бұл туралы Оңтүстік Корея қарулы күштері штаб басшыларының бірлескен комитеті мәлімдеді. Сеул мұны айыптап, Пхеньянды Корей түбегіндегі шиеленісті күшейтуді жалғастырып отыр деп кінәлады.
Жарылыстар Солтүстік Корея аумағында болды. Оңтүстік Корея сарбаздары зардап шекпеген. Олар өз жағында ескерту ретінде оқ атқан.
Пхеньян бұған дейін жолдарды жарып жіберу жоспары барын айтқан. Сол арқылы Солтүстік Кореяны Оңтүстік Кореядан "толық бөлуді" көздеген. Пхеньян мұны Оңтүстік Кореяның дрондарға үкіметке қарсы парақтар іліп ұшырғанына реакция деп атаған. Ақпаратқа қарағанда, олар Пхеньянға жеткен. Солтүстік Корея америкалық әскерилерге жолдарды жару жоспары барын ескерткенін мәлімдеді.
Бүлінген жолдар жақында Оңтүстік Кореяның бюджеті есебінен жөнделген. Олар екі ел арасындағы әріптестік пен бейбіт өмір сүру символы ретінде қарастырылған. Алайда кейінгі кездері екі Корея арасындағы қарым-қатынас қайтадан шиеленісе түсті. Солтүстік Корея шекараны бекітуге қайта кіріскен.
Кейінгі уақытта Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның қарындасы Ким Е Чжон Пхеньян елге ұшқан дрондарды соғысқа әкелуі мүмкін агрессия ретінде қарастырып жатыр деп бірнеше рет айтты. Ким Чен Ын 14 қазанда Солтүстік Корея "егемендігін бұзуға байланысты жасалған жаудың арандатуына" қатысты жиын өткізді деп хабарлады Кореяның орталық телеграф агенттігі. Сеул дрон ұшырды деген ақпаратты жоққа шығарып, Солтүстік Кореяны Оңтүстік Корея аумағына қоқыс салынған шарлар ұшырды деп айыптады.
Кейінгі кездері Оңтүстік Корея, Батыс елдері және Украина Солтүстік Корея Ресей жағында Украинадағы соғысқа қатысып жатыр деген мәлімдеме жасады. 14 қазанда Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік думаға Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы стратегиялық серіктестік бойынша шартты ратификациялау туралы заң жобасын ұсынды. Бұл шартқа сай, оларға үшінші ел шабуыл жасаса, екі тарап та "әскери және өзге де көмек" көрсетуге тиіс.
ПІКІРЛЕР