Ресми Вашингтон солтүстіккореялық әскери қызметкерлер Украинада Ресей жағында соғысып жатқаны жөнінде ақпаратқа алаңдаушылық білдірді.
Егер ақпарат расталса, бұл Солтүстік Корея мен Ресейдің қорғаныс саласындағы әріптестігінің айтарлықтай артқанын айғақтайды деп мәлімдеді АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің баспасөз хатшысы Шон Саветт. Бұған қоса, мұндай қадам майдан даласында шығынға ұшыраған Ресейдің осындай ақырғы амалға баруға мәжбүр болып отырғандығын дәлелдей түседі деді ол.
АҚШ бұған дейін Пхеньянды Ресейге оқ-дәрі мен баллистикалық ракеталарды жеткізді деп талай рет айыптаған. Мәскеу мұны жоққа шығарған. Өткен аптада Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Украинадағы соғыста қаза болғандар арасында солтүстіккореялықтар да бар болуы мүмкін екенін мәлімдеген. 13 қазанда Украина басшысы Владимир Зеленский Солтүстік Корея Ресейге тек қару емес, әскери қызметкерлерін де жіберген болуы мүмкін деп айтқан.
Солтүстіккореялық әскери қызметкерлердің Украинадағы соғысқа қатысып жатқаны жөнінде әзірге ресми ақпарат жоқ.
Reuters агенттігінің жазуынша, Үнді-Тынық мұхитындағы Америка күштеріне жетекшілік ететін генерал Чарлз Флин Вашингтонда сөйлеген сөзінде солтүстіккореялықтарды Украинадағы соғысқа жіберу Пхеньянға өзінің қару-жарағы мен әскери күшін сынап көруге көмектеседі деп айтты.
Биыл маусымда Ресей басшысы Владимир Путиннің Пхеньянға сапары кезінде Ресей мен Солтүстік Корея арасында шабуыл жағдайында өзара әскери көмек көрсету туралы келісімге қол қойылған. Сол кезде Путин Солтүстік Кореямен әскери-техникалық әріптестікті дамытқысы келетінін айтқан.
ПІКІРЛЕР