Accessibility links

Украина порттарына қауіп төніп, Киев бақылаушылар миссиясын жіберуді сұрады


Одесса облысында Ресей зымыраны түскен жер. Украина, 2 қазан, 2024 жыл.
Одесса облысында Ресей зымыраны түскен жер. Украина, 2 қазан, 2024 жыл.

Украина Одесса облысының оңтүстігіндегі порттарға Ресей шабуылы үдеп бара жатқанына байланысты Халықаралық теңіз ұйымынан (International Maritime Organization) өңірге бақылаушылар миссиясын жіберуді өтінді.

Украина cыртқы істер министрлігінің басшысы Андрей Сибига Одессадағы брифингіде Ресей әскері кейінгі апталарда Украинаның порт инфрақұрылымын зымыранмен атқылауды күшейтіп жатыр деп хабарлады. 6 қазаннан бері төрт азаматтық кеме бүлінген. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды. Ресей шабуылдары порт инфрақұрылымын, астық қоймаларын және азаматтық кемелерді нысана етіп, ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұр.

Украина – ірі астық өндіруші ел, 2022 жылы Ресей басқыншылығы басталғанға дейін Киев Қара теңіз арқылы айына шамамен 6 миллион тонна астық экспортқа шығарып келген. Қазіргі кезде Украина азық-түлік экспортының шамамен 85 пайызы Қара теңіз порттарынан жіберіледі.

Украинаның мәліметінше, кейінгі үш айда Ресей порттарға 60-қа жуық шабуыл жасаған, салдарынан порт инфрақұрылымындағы 300-ге жуық нысан мен 22 азаматтық кеме бүлініп, қираған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG