Accessibility links

Өзбекстан парламентінің вице-спикері Ташкент ЕАЭО-ға қосылмайтынын мәлімдеді


ЕАЭО ұйымына мүше елдердің тулары.
ЕАЭО ұйымына мүше елдердің тулары.

Өзбекстан ешқандай әскери құрылымға мүше болмайды, ал Еуразия экономика одағында (ЕАЭО) бақылаушы мемлекет статусында қалады. Ташкенттегі халықаралық бастамалар апталығының ашылуы кезінде өзбек парламентінің вице-спикері Акмаль Саидов осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінен Ferghana сайты үзінді келтіреді.

Басылымның жазуынша, “Өзбекстан өзге елдермен тығыз қарым-қатынас жасау үшін егемендігін шектеуге келісе ме?” деген сұраққа Саидов “жоқ” деп жауап берген.

“Конституцияның бірінші бабында Өзбекстан егемен мемлекет деп жазылған. Егер мәселе қандай да бір әскериленген қорғаныс құрылымдары мен ұйымдарға мүше болу жөнінде болса, оған жол бермейміз. Біз ешқашан балаларымызды қандай да бір әскери миссияға, арасында бітімгершілік те бар, жібермейміз. Біздің аумақта ешқандай шетел әскери базасы орналаспайды” деді ол.

Өзбекстанның ЕАЭО-ға ықтимал мүшелігін зерттеу жөніндегі парламенттік комиссиясына жетекшілік ететінін айтқан Саидов

“Осы ұйымға қатысты мыңдаған түрлі құжатты зерттедік және қазіргі кезде Өзбекстанға ЕАЭО-ға бақылаушы статусын қалдыру тиімді деген қорытындыға келдік. Мысалы, қазақстандық әріптестер – ЕАЭО-ға мүше болудан ұтқан жоқ. Бірақ, әрине, бұл ақпаратқа кепілдік бере алмаймын. Өзбекстанда Конституцияның жаңа редакциясында бекітілген сыртқы саясаттың іргелі принциптері бар және біз соларды ұстанамыз” деп мәлімдеді.

Өзбекстанның ЕАЭО-ға қосылу ниеті 2019 жылы белгілі болды. Бір жылдан кейін Өзбекстан парламенті Өзбекстанның Еуразия экономикалық одағына бақылаушы мемлекет ретінде қатысу мәселесін талқылап, үкімет ұсынысын мақұлдаған. Сол кезде Өзбекстан өнімдерінің 80 пайызы ЕАЭО-ға мүше елдерге жіберілетіні айтылған. Одаққа қосылу "Ресей мен Қазақстандағы өзбек мигранттарының жағдайының жақсаруына" да оң ықпал ететіні айтылған еді. Алайда кейін Өзбекстанның бақылаушы мәртебесінде қалатыны белгілі болды.

Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) 2015 жылы Ресей Беларусь және Қазақстанмен бірігіп құрған. Кейінірек оған Армения мен Қырғызстан қосылды. Молдова, Өзбекстан мен Куба оған бақылаушы мемлекеттер ретінде қатысады.

Бұған дейін халықаралық басылымдар Ресей Еуразия экономика одағын кеңейтуді қалағанымен, бақылаушы мәртебесіндегі елдер әзірге одаққа қосылуға ниет танытпағанына назар аударған.

Қазақстанның өз ішінде де одаққа қатысты көп сын айтылып келеді. Батыс елдері Украинаға басып кірген Ресейге санкция салған соң кейбір мамандар Еуразия экономика одағынан шығуға немесе оған мүшелікті тоқтата тұруға шақырған. Былтыр Еуразия экономика одағынан шығуға үндеген петиция 65 мың қол жинады. Бұл жайлы пікір білдірген саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстан Ресейге экономика мен логистика жағынан тәуелді болғандықтан, одақтан шыға алмайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG