19 қазанға қараған түні Алматыда бір ғасырдан астам бұрын салынған көпес Ысқақ Ғабдуләлиевтің үйі өртенді. Үйдің шатыры өртеніп, оқиға орнына өрт сөндірушілер келді. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, 250 шаршы метр аумақтағы өрт оқшауланған.
Ешкім зардап шекпеген. Өртке не түрткі болғаны айтылмайды.
Тарихи үйде қала орталығындағы Chechil Pub мейрамхана желісі орналасқан.
ТЖМ хабарлауынша, өрт сөндірушілер ғимараттың көп бөлігін өрттен сақтап қалған. Алайда үй ағаштан салынғандықтан өртті сөндіру қиын болған.
Қала билігі тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштің өртенуіне қатысты түсініктеме берген жоқ. Ғимарат қалпына келтіріле ме, жоқ па, ол жағы да белгісіз.
Көпес Ысқақ Ғабдуләлиевтің үйі 1909 жылы салынған. Қала әкімдігіне сүйенген "Власть" сайты тарихи ескерткіш жекеменшікке тиесілі екенін жазды.
Көпес Ысқақ Ғабдуләлиевтің үйі "Emi Engineering" компаниясына тиесілі. Компанияға Майра Төлебаева жетекшілік етеді.
"Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы" заңына сәйкес, тарих және мәдени ескерткіштерді реставрациялау жұмыстары уәкілеті орган бекіткен жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.
"Басқарма бұл жоспарға бұрынғы көпес Ысқақ Ғабдулвалиевтің үйін енгізу туралы ұсыныс енгізген жоқ" деп «Власть» сайты қалалық мәдениет басқармасының жауабын келтіреді.