Accessibility links

АҚШ-та түрік қайраткері Фетхулла Гүлен қайтыс болды


Фетхулла Гүлен
Фетхулла Гүлен

Түрік жазушысы әрі қоғам қайраткері, бұрынғы имам Фетхулла Гүлен өмірден өтті деп хабарлады оның ізбасарлары. Гүлен кейінгі 25 жылдан бері АҚШ-та тұрған.

Фетхулла Гүлен 20 қазанда Пенсильваниядағы клиникада қайтыс болған деп жазды Herkul порталы.

83 жастағы Гүленнің қайтыс болғаны туралы ақпаратты оның туысы Эбуселеме Гүлен растады деп хабарлады CNN Türk телеарнасы. Ақпаратқа қарағанда, Гүлен бірнеше жыл созылмалы дертпен ауырған.

Гүленнің қайтыс болғаны жөнінде әзірге бұдан өзге ақпарат жоқ.

Фетхулла Гүлен мен Түркия премьер-министрі болған Режеп Тайып Ердоғанның бірге отырған суреті.
Фетхулла Гүлен мен Түркия премьер-министрі болған Режеп Тайып Ердоғанның бірге отырған суреті.

1999 жылдан бері АҚШ-та тұрған Фетхулла Гүлен 2013 жылға дейін Режеп Тайып Ердоғанмен жақсы қарым-қатынаста болды, ықпалы жағынан ол тіпті президент Ердоғаннан кейінгі екінші орындағы адам саналатын. Гүлен мен жақтастары Ердоғанның "Әділет және даму" партиясының билікке келуіне көмектескен.

Бірақ кейін Гүлен биліктегі "Әділет және даму" партиясымен және оның көшбасшысымен араздасып қалды. Бұдан соң ол үкіметтің қырына ілінді. Әсіресе Түркияда 2016 жылғы 15 шілдеде болған бүліктен кейін билік Гүлен мен жақтастарының соңына шам алып түсті, діни қайраткердің көп жақтасын түрмеге қамады.

Ресми Анкара Гүлен мен оның жақтастарын Түркияда әскери төңкеріс жасамақшы болды деп айыптады. Түркия билігі Гүленнің қозғалысын "террористік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салды.

Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс сәтсіз аяқталғаннан кейін елде 80 мыңнан астам адам тұтқындалып, 150 мың мемлекеттік қызметкер мен әскери қызметкер жұмысынан айырылған. Түркия президенті Ердоғанды сынаушылар "билік іске аспай қалған бүлікті сылтау етіп, өзге пікірдегі адамдарды басып-жаншыды" деді.

Түркия билігі АҚШ-тан Гүленді беруді бірнеше рет сұраған, бірақ Вашингтон Гүленді экстрадициялаудан бас тартты.

Фетхулла Гүлен 2016 жылғы жаздағы бүлікке еш қатысы жоғын айтып, өзіне Анкара таққан айыптарды жоққа шығарған. Түркия билігі Гүленнің "Хизмет" қозғалысына қатысы бар деген күдікпен қамауға алған мыңдаған адамның арасында саясаткерлер, судьялар, білім саласының өкілдері, әскери қызметкерлер, қоғам қайраткерлері болды.

Ердоған кейін Орталық Азия елдеріндегі түрік мектептеріне де қысым жасай бастаған. Түркия билігі аймақтағы елдерге, соның ішінде Қазақстанға да елдегі қазақ-түрік лицейлерін жабу туралы қолқа салған. Ресми Анкара қазақ-түрік лицейлерін "гүленшіл оқу орны" деп атаған еді.

2016 жылы шілденің аяғында Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык "Гүлен қозғалысы мен оның бөлімшелеріне байланысты ұйымдар Қазақстанда да бар" деп мәлімдеп, Астананы "Фетхулла Гүленмен байланысы бар оқу орындарының қызметін тоқтатуға" шақырды.

Сол жылы тамызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Ердоғанмен ресми кездескен кезде "Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің түрік діни жетекшісі Фетхулла Гүленмен байланысы бар-жоғы тексеріледі" деп айтты.

Назарбаев "жазықсыз азаматтарды Түркияға бермейміз" десе де, Қазақстанда жергілікті органдар елде көп жыл мұғалім болып істеген Түркия азаматтарының визасын ұзартпаған соң олардың бірсыпырасы Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды.

Кейін, 2017 жылы қазанда қазақ-түрік лицейлерінің атауы "Білім инновациялық лицейі" болып өзгерді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG